550 ТОННАДАН АСТАМ ТАУАР КЕДЕННЕН КЕРІ ҚАЙТТЫ

Самара кеденшілері Қазақстанға өтпек болған тауарлардың жолын кесті. Атап айтқанда, 488 тоннаға жуық бидай мен 67 тонна түйіршіктелген қант кеденнен кері қайтты. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты жазды.

«Самара кеденшілері Қазақстанға теміржол арқылы 488 тоннаға жуық бидай мен 67 тонна қантты заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті», — делінген хабарламада. Дерекке сенсек, Орынбор облысының Илецк-1 теміржол станциясында кеденшілер тасымалдауға тыйым салынған жеті вагон астық пен бір вагон қантты тапқан. Тауар жіберуші тарапқа қайта жолданған.
Ресей Үкіметі бұған дейін бірқатар тауарларды экспорттауға тыйым салған болатын. Оның ішінде астық пен қант та бар. 2022 жылдың 30 маусымына дейін астықты, 31 тамызына дейін қантты шекарадан шығаруға болмайды. Десе де бұл шектеу тауар тасымалдаушыларға кедергі болып жатқан жоқ сияқты. Керісінше заңсыз фактілердің санын арттыруда. Мәселен, Самара кеденінің мәліметінше, шектеулер енгізілгеннен бері заңсыз тауар тасымалдамақ болған 21 жүк көлігі анықталған. Оның ішінде 20 тонна арпа, 26 тонна тұрмыстық техника, 7,5 тонна автокөлік бөлшектері мен 36 тонна трансформатор мен оның құрамдас бөліктері, қоғамдық тамақтану орындарының технологиялық жабдықтары бар. Қош делік, солтүстіктегі көршіміздің ақпарын талай азамат оқыды. Рчччччесей экономикасы санкцияның салқынын сезе бастаса, біздегі бағаның құбылып, теңгенің теңселіп кететіні бар. Кеденшілердің ақпарынан кейін базардағы қант пен ұн бағасы аспандап, ажиотаж тумаса игі…

«Уақыт».