120 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында ауқымды шаралардың атқарылып жатқанынан хабардармыз. Сөз жоқ, бүгінгінің басты мәселесі – тұрғын үй. Бұл қаламен қатар аудан-аудан, ауыл-ауылдардағы өзекті түйткіл. Шешімі табылып жатқанын да жоққа шығармақ емеспіз. Мәселен, жақында Леңгір қаласындағы І мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен құрылысы аяқталған 20 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің пәтер кілті тұрғындарға салтанатты түрде тапсырылды. Атап айтсақ, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 60 отбасы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 адам, көпбалалы отбасылар санатындағы 57 отбасыға пәтер берілді. Жалпы 120 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Шара Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Төлеби ауданына барған жұмыс сапарымен тұспа-тұс келді. «Төлеби — тау баурайындағы саф таза ауасы, тамылжыған табиғаты бар өлке. Бүгінгі үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл да қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі артады. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз молшылық пен берекеге толып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деді Өмірзақ Шөкеев.
Қазіргі уақытта Төлеби ауданында барлығы 4520 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелген. 2021 жылы Түркістан облысында 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй (6590 пәтер) пайдалануға берілген. Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Шөкеев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грант алған азаматтардың жұмысымен танысты. Төлебиде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 38 тұрғынға несие берілген. 70 адам жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа ие болған. Облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басшыларға тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімі аудан ардагерлерімен, этно-мәдени бірлестік төрағаларымен және жастар өкілдерімен, жергілікті тұрғындармен кездесті. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бағыттары, мемлекетті дамытудағы жаңа жоспарлары сөз болды. Сонымен бірге өткір мәселелер қозғалып, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері тыңдалды. Өмірзақ Шөкеев әрбір ұсыныс хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс атқарылатынын мәлімдеді.