САПАСЫЗ ИНТЕРНЕТКЕ САЛЫНАТЫН АЙЫППҰЛ КӨЛЕМІ АРТАДЫ

Пандемия елімізде қордаланып келе жатқан бірқатар мәселелердің бетін ашты. Солардың бірі – интернет сапасының төмендігі. Қашықтан оқыту мен жұмыс істеу кезінде көптеген мәселелердің туғаны белгілі. Ал осы түйткілдің түйінін ағыту мақсатында қандай шаралардың қолға алынатынын көптің күткені де жасырын емес. Осы орайда, байланыс үшін төбе іздеп, орталық жағалаған жұрттың көкейіндегі өзекті мәселенің шешілуін көздейтін заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Тарқатайық…

Мәжіліс депутаттары «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады. Аталған құжатты даярлау ісіне Парламент депутаттары бастамашылық жасағанын айта кету керек. Заң жобасы байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. «Пандемия және халықтың қашықтан жұмыс істеуі режиміне көшуі кезінде ұсынылатын байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы арта түсті. Ол халықтан келіп түсетін шағымдардың көбеюінен байқалып отыр. Сонымен қатар, жүргізілген тексерулер бойынша анықталған заң бұзушылықтар осыған байланысты проблеманың бар екенін дәлелдейді», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Телпекбаева.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес, ірі кәсіпкерлік субъектісі үшін айыппұл 100 АЕК-ні, бір жылдың ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін 200 АЕК-ні құрайды. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заң бұзушылық фактісін мойындаған кезде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 50 пайыз, яғни 50 немесе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге құқылы. Десе де қазіргі талап байланыс операторларының жұмысын жетілдіру мен байланысты жақсарта түсуіне ықпал ете алмай келеді. Себебі айыппұл мөлшері аз. Бұл туралы мәжіліс депутаты «Көбінесе операторларға қосымша жабдықты орнатудан немесе өз желісін өзге де түрде дамуға қарағанда, айыппұлдың жарты көлемін төлеген ыңғайлырақ. Осы орайда байланысқа қатысты барлық қолайсыздықтар оператор алдындағы өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді. Заң жобасы заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс пен интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсеткені үшін, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауаркершілігін күшейтуге мүмкіндік береді», — деді.
Сөз жоқ, интернет мәселесі пандемия басталған уақыттан бері көтеріліп келеді. Әлеуметтік желіде де жиі талқыланған тақырыптардың бірі. Байланысты жақсартуға құлықсыз компанияларға жаңа заң әсер ете ала ма? Аталған мәселенің шешімін алдағы уақытта білеміз…