МҮЛКІ ТӘРКІЛЕНГЕН МӘСІМОВ 17 ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН

Қаңтар оқиғасы әлі де көптің жадында. Талай бейбіт тұрғын мен құқық қорғау қызметкерлерінің өмірін жалмаған оқиғаның жай-жапсары турасындағы ақпараттар айқындала бастады. Жұрттың ойын сан саққа жүгірткен оқиғаның анық-қанығы турасында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында да баяндады.

Оқырман қауымның жадында болса, осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті «мемлекетке опасыздық жасады» және «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке «тиесілі қымбат сарайлар мен мүліктер» тәркілегенін хабарлаған болатын. Тергеу барысында Мәсімовтің «жемқорлық әрекеттері де анықталған». Берген ақпарға сүйенсек, «Мәсімовтің ҰҚК төрағасы болып тұрған кезде шет мемлекет өкілінен 2 млн доллар көлемінде пара алу фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл қаражат Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтарылған». Сонымен бірге Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде иеленген құны 2,5 млрд теңге тұратын элиталық қонақ үй мен жер телімін алу фактісі бойынша да тергеу басталған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айтуынша, қаңтарда Мәсімов ұсталғаннан кейін осы қонақ үйден 17,2 млн доллар мен бағалы заттар, 11 қымбат көлік тәркіленген. ҰҚК «Мәсімов пен айналасындағылар шетел банктеріне шығарған аса ірі мөлшердегі қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару жұмысы» ұйымдастырылып жатқанын да атап өткен еді. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Көптің көкейінде елдің кемел келешегі мен бейбіт тіршілігіне нұқсан келтіріп, мемлекетке опасыздық жасаған шендінің қандай жаза алатыны турасындағы сауал кілкіп тұрған болатын. Тиісті органдар мұның да жауабын берді.
14 наурызда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наталья Дементьева бас прокурордан «Әлеуметтік желілерде депутаттарға халықтан көптеген сұрақ келіп жатыр. Соңғы күндердегі ең өзекті сұрақтардың бірі — «Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға тартылуы мүмкін?» Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?» деп сауалды төтесінен қойды. Өз кезегінде Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты. «Оның ішінде мемлекеттік опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу үшін билікті асыра пайдалану және пара алу бойынша қылмыстық істер тергелуде. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді. Бірақ алдын ала айтар болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіліп жатыр» деп түйіндеді бас прокурор ойын.
Міне, осылайша мемлекеттік қызмет пен саясаттың «сұр кардиналының» мансабы аяқталғалы тұр. Жаңа Қазақстан ескі жүйенің есерсоқтығын заңмен шектеп, заңды бұзғандарды темір торға тоғытып жатыр. Халықтың көкейіндегі күдік те сейіле түскендей. Ал мемлекет басшысына деген сенімнің артып жатқаны айдан анық!

А.САТЫБАЛДЫ.