ТУБЕРКУЛЕЗ ҚАНДАЙ АУРУ?

Туберкулез – адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Сондай-ақ туберкулезге ми, ми қабықшасы, сүйек, буын, лимфа бездері, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, ішек және басқа ағзалар мен мүшелер шалдығады. Туберкулезбен ауырғандардың 75% — 20-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды және балалы болатын жастағылар. Бүгінде туберкулезге шалдыққандардың басым көпшілігін аурудан толық айықтыруға болатынын дәлелденген. Егер ауруды анықтау, емдеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып, үзіліссіз жүргізілсе, бұл ауру толық жазылады.
Туберкулез қалай жұғады?

Туберкулез таяқшалары ауа арқылы тарап, оны жұқтырып алған адамдардың өкпесінде өсіп-жетіліп, көбейеді. Алғашқыда өкпе тіні қабынып, ыдырайды да орнында қуыстар пайда болады. Сол қуыстарда сақталған миллиондаған таяқшалар ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде ортаға шашырап тарайды. Жабық орындарда туберкулез таяқшасы ауаға көп тарап, басқа адамдардың тыныс ағзасына түседі. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, әсіресе балалар мен егде жастағылар үшін қауіпті.

Туберкулез ауруы
қалай басталады?

Бүгінде туберкулезбен ауырғандардың 50%-ы кешігіп анықталуда. Ал олардың 10%-ы — ауруын өте асқындырып алғандар. Арасында ауруы жазылмайтын түрге өтіп кеткендер де кездеседі. Өкпе тіні – туберкулез таяқшаларының өсіп жетілуіне ең қолайлы орта. Алғашқыда өкпе қабынып, онда туберкулез бұдырлары пайда болып, іріңдейді де ірің қақырық түрінде кеңірдек, қолқа арқылы сыртқа бөлініп шығады.
Туберкулез – баяу дамитын, ұзаққа созылатын ауру. Бірақ оның жылдам басталатын түрі де бар. Туберкулезді дер кезінде анықтап, дұрыс емдесе, ауруды бастапқы кезде тоқтатуға, өкпені және басқа ағзаларды үлкен көлемде қабынып, бүлінуден сақтап қалуға болады.

Туберкулез ауруының белгілері

Туберкулез ауруының негізгі белгілері — жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауыруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі. Бұл белгілердің бәрі үдеп, күшейе түссе, науқастың қан түкіруі мүмкін. Жөтел — туберкулезге тән ең алғашқы белгінің бірі. Егер жөтел аптадан аса созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, туберкулез ауруына тексерілуі керек.

Туберкулезді
тез арада қалай
анықтауға болады?

Туберкулезді анықтаудың ең тиімді, сенімді тәсілдері — қақырықтан туберкулез таяқшасын микроскоп арқылы анықтау, рентген, яғни, рентгенография, флюрографиялық әдіс, балалармен жасөспірімдерге туберкулин сынағын, яғни Манту сынағын қою. Туберкулез дер кезінде анықталса, ем нәтижелі болады.

Туберкулез
медициналық
сақтандыру
шеңберінде қалай
емделеді?

Туберкулез – қауіпті, жұқпалы сырқаттардың бірі. Сондықтан бұл дерт елімізде тегін емделеді. Ал мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін жағдай қалай өзгермек?
Жалпы туберкулез мәселесi әлі күнге дейін әлемдік деңгейде өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан көптеген ел үкіметтері бұл проблемаға жіті көңіл бөліп, қаржы қарастырып отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) туберкулез тақырыбында өткізген Жаһандық министрлер конференциясы осының дәлелі болса керек. Қараша айында Мәскеуде алғаш ұйымдастырылған жиында ДДҰ Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус былтыр әлемде 10 миллионнан астам адамның туберкулез жұқтырғанын және 1,7 миллионға жуық адамның осы аурудан көз жұмғанын айтты. Яғни дерт әр минут сайын 3 адамның өмірін жалмайды. Аурудың 45%-ы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, 25%-ы Африка және 17%-ы Тынық мұхитының батыс бөлігінде тіркелiптi. Әсiресе Үндістан, Индонезия, Қытай, Нигерия, Пәкiстан, Филиппин және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты 7 мемлекетте бұл ауру жиi кездеседi екен.
Туберкулез адамның кез-келген ағзасын зақымдауы мүмкін. Алайда ауру негізінен ауа арқылы таралатындықтан, 85-90 пайыз жағдайда өкпе зақымданады екен. Яғни дерт ауа арқылы таралады. Сондықтан жөтелі екі аптадан астам уақыт бойы тыйылмаған адам дәрігерге қаралуы тиіс. Жөтелген кезде ауызды қолмен, орамалмен немесе майлықпен жапқан дұрыс. Көрінген жерге қақырып-түкіру де аурудың таралуына септігін тигізеді.
Туберкулез ауруына шалдыққан бактерия бөлуші науқастар анықталып, оқшауланады және олар арнайы ем қабылдайды. Сонымен қатар науқаспен қарым-қатынас жасаған адамдар да тексерiлуі керек. Аурудың алдын алудың келесі түрі – әлеуметтік профилактика деп аталады. Ол салауатты өмір салтын ұстану мен тұрғындардың жалпы тұрмысын жақсартудан тұрады.
Бактерия бөлу кезінде науқастар туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде ем алады. Қазіргі таңда еліміз бойынша туберкулезге қарсы күресетін 27 облыстық диспансер мен Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы бар. Ал қалалар мен аудандарда туберкулезге қарсы диспансерлер мен ауруханалар қызмет етедi. Бактерия бөлу тоқтағаннан кейін науқас емін амбулаторлық жағдайда тұрғылықты жеріне жақын маңда орналасқан емханада немесе туберкулезге қарсы диспансерде жалғастырады. Қабылданатын емнің ұзақтығы да туберкулездің түріне байланысты. Мысалы, аурудың дәріге сезімтал түрі 6-11 ай бойы емделсе, көптеген дәрілерге төзімді түрін 20-24, кейде тіпті 33 айға дейін емдеу қажет.
«Ауру уақтылы анықталып, дұрыс ем тағайындалса және үзбей қабылданса, туберкулезден толық сауығып кетуге әбден болады. Туберкулез кеш анықталса, сырқат дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдамаса, ауру созылмалы, ем қонбайтын түріне өтіп кетеді. Қайтадан туберкулез қоздырғышы жұғып немесе қандай да бір себептерден кейін (қосымша аурулар, маскүнемдік, нашақорлық, ЖИТС, қант диабеті және т.б.) ағзаның жалпы қорғаныс күші әлсіресе, ауру қайталануы мүмкін. Қазіргі таңда аурудың сезімтал түріне шалдыққан науқастардың 86,9 пайызы толық сауығып кетсе, дәріге төзімді түріне шалдыққандардың 77 пайызы толық емделеді.
Қазір елiмiзде туберкулез ауруының алдын алу мақсатында тексеру және емдеу тегін жүргізіледі. Әлеуметтік аурулар мен айналасына қауіп төндіретін аурулар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде емделеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін бұл тәртіп өзгермейді. Болашақта сақтандыру аясы кеңейтіліп, туберкулез әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде тегiн емделетін болады.

Г.Тлегенова,
ТО ҚДБ «ОФО» ШЖҚ МКК ІV өкпе терапия бөлімінің меңгерушісі