ГАЗДАН КЕЛЕТІН ҚАУІПТІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАУ – САҚТЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Шымкентте 192 780 абонент орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Оның ішінде 85 243 абонент көпқабатты тұрғын үйде орналасқан болса, жекеменшік үйлердегі абонент саны 100 362-ге жетеді. Өндірістік кәсіпорындар және әлеуметтік нысандар бойынша тағы 363 абонент, тұрмыстық шаруашылық мекемелер бойынша 6 812 абонент бар.
Шымкент қаласының орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында тұрғын үйлерде газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды түсіндіру кезінде осындай мәліметтерді алға тарта отырып, «қалада газ жүйелерінің ұзындығы 6,9 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Шымкент өндірістік филиалының меншігін 3,7 мың шақырым, қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының меншігін 1,3 мың шақырым, жекеменшікке 1,8 мың шақырым тиесілі. Қалада 2020-2021 жылғы жылыту маусымында газбен байланысты көптеген оқыс оқиғалар тіркелді. Өкінішке орай 8 адам газдан уланып қайтыс болған. Олардың арасында балалар да бар. Мұндай өкінішті оқиғалардың басты себебі – газды пайдалану кезінде тұрғындардың техникалық талаптарды сақтамауы. Яғни өз бетінше газды тұтыну құрылғыларын орнатуы, лоджияға шығаруы және желдеткіш каналдарын мұржа ретінде пайдалануы – басты себеп»,-деді.
Сонымен қатар ол ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19- бабының 3-тармақшасына сәйкес, тұрғындар тұрмыстық газды пайдалану барысында аттестатталған, мамандандырылған ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекемелермен (ВДГО) өздеріне тиесілі газ жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті екенін алға тарта отырып, «Қазіргі таңда қалада орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған 107 мың абонент ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекемелермен келісім шарт жасасқан. Бұл барлық абоненттердің 58 пайызын құрайды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердегі тұтынушылардың саны 66 мың (62 пайыз), ал жеке сектордағы үйлердегі тұтынушылардың саны 41 мыңға (38 пайыз) жетеді. Дегенмен бұл көрсеткіш аз. Бұл қала тұрғындарының өзекті мәселеге көңіл аудармайтынын білдіреді. Қала Әкімі Мұрат Дұйсенбекұлының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылыту маусымына дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр»,-деді.
Одан өзге басқарма басшысы 2021-2022 жылғы жылыту маусымы басталғанға дейін, шұғыл түрде үй-жайлардың түтіндік және желдеткіш арналарын тазалау жұмыстарын жүргізу бойынша басқарма тарапынан аудандық әкімдіктерге тиісті хаттар жолданып, аталған жұмыстарды бақылауға алу туралы ескертілгенін хабардар етті.
Басқарма басшысы оқыс оқиғаның алдын алу үшін газдабылқаққыштарды орнату бойынша атқарылған жұмыстарды да баяндады.
Оның сөзінше, тұрғындарға газдабылқаққыштарды (газосигнализаторы) орнату керектігін жеткізу бойынша аудан әкімдіктеріне тиісті хат жолданған. Осы бағытта демеушілер есебінен 2019 жылы 776, 2020 жылы 1102 газдабылқаққыш орнатылған. Ал 2021 жылы пайдалануға берілген үйлерге бюджет есебінен 2192 газдабылқаққыш қойылған. Құрылысы жүріп жатқан үйлерге 2022 жылы бюджет есебінен 2424 газдабылқаққыш орнату жоспарлануда. Шымкентте тұрмыстық газбен байланысты оқыс-оқиғалардың алдын алу мақсатында қала бюджетінен немесе демеушілер есебінен газдабылқаққыштарды жаппай орнату жұмыстары жоспарлануда.
Өз сөзінде Ғалымжан Утенбаев өз бетінше автономдық жылыту жабдықтарын немесе басқа да газдық құрылғыларды орнатқан тұтынушыларға заңнамаға сәйкес, тиісті әкімшілік шаралар қолданылатынын да ескертті.
Тұрмыстық газды пайдалану кезінде өкінішті жағдайлардың алдын алу мақсатында басқарма қызметкерлері жыл басынан бері аудан әкімдіктері қызметкерлерімен бірлесе, қала тұрғындарымен қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 22 мың дана хабарлама таратқан.
Сонымен қатар тұрғындардың газ пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша БАҚ өкілдерінде және интернет ресурстарында 7 видеоролик жарияланған.
Осы деректерді тілге тиек еткен басқарма басшысы бұл бағытта шешімін күтіп отырған бірнеше мәселенің бар екенін де атап өтті.
Мысалы, қазіргі таңда Шымкентте орталық газ жүйесіне қосылмаған 15 көпқабатты үй (бұрынғы жатақханалар) бар. Олардың ішінде 8 үй Абай, 1 үй Әл-Фараби, 5 үй Еңбекші, 1 үй Қаратау ауданында орналасқан. Осы үйлердегі пәтерлердің жалпы саны 479-ға жетеді. Бұл ғимараттарды газдандыру жобада қарастырылмаған. Осы мәселе бойынша басқарма тарапынан аудандық әкімдіктерге тиісті хаттар жолданып, әрбір жатақхананың тұрғындарымен жиналыс өткізу кестелерін бекіту және газдандыру мәселесін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар берілген.
Бұдан бөлек, қала аумағында газ құбырлардың қорғау аумақтары бұзылып, 299 нысандар салынғаны анықталды. Осы жағдайға байланысты, тиісті құзіретті органдарға сұрау хаттар жолданып, «КазТрансГаз Аймақ» ШӨФ-ы қызметкерлерімен бірлесе аталған құрылыстардың заңдылығын анықтау жұмыстары қолға алынған.