АЭС САЛУҒА ҚАРАЖАТ ҚАРАЛДЫ МА?

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі көтерілгенмен, оған бюджеттен қаржы қаралмаған.

Бұл туралы еліміздің Энергетика вице-министрі Жұмабай ҚАРАҒАЕВ Мәжілісте үш жылдық бюджет жобасының таныстырылымында мәлімдеді. Оның сөзінше Қазақстанда қауіпсіз экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігі туралы мәселені Үкімет әлі бір жыл бойы зерделейтін болады. Сондықтан да республикалық бюджет жобасына атом электр станциясын салуға қаражат бөлу енгізілмеген.
Өз сөзінде ол Үкімет Қазақстанда 2022 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзімде қауіпсіз экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігі туралы ұсыныстар дайындау жөнінде тапсырма бергенін айтты.
Министрлік пысықтап жатқан бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп келеді. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Владивостоктағы Шығыс экономикалық форумында Қазақстанға АЭС қажет екенін айтқан болатын. Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауда Президент Қазақстанда атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеуді тапсырған.