Теріскей, айналайын келбетіңнен!

Созақ өңірі ән мен күйдің, шежірелі тарихтың алтын ордасы. Алысқа бармай-ақ беріден айтсақ, ақын-жазушыларымыз Сәуірбек, Асқар, Тәкен, Төлеген, Бәтима, Өтеш, Ескермес, Қазыбек Мыңжан, сазгерлер Әділбек Нысанбаев, Қыдырәлі Ахметов, Пернебай Иманқұлов, күйші Сүгір, Төлеген, Генерал, Жанғали, Сәрсенғали Жүзбаевтар, Марат Омаров, Сәкен Майғазиев, Айгүл Бәженова, марқұм Ажар Түзелбекқызы, Жұбаныш Жексенұлы, Кенжебек Жанәбілов, Әсет Әбуов, айтыс ақындары Құлжабай Төлеуов, Насыр Жарымбетов, Қалижан Білдаш, Мұрат Өтенбаев, Өсімхан Нұржанбаев, Жұмаділда Әлдекеев және тағы басқа өнер жұлдыздары Теріскей даласының атын асқақтата аспанға көтерді. Биыл Созақ аудандық мәдениет бөлімінің құрылғанына 75 жыл. Сонау 1946 жылы арнайы қаулымен мәдениет бөлімі болып құрылған. Оның алдында «Қызыл отау» негізінде жұмыс жасағанын тарихтан білеміз.
«Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек» деген Елбасы сөзін басшылыққа ала отырып, ауданымызда мәдени құндылықтарды қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылды, қандай жұмыстар жоспарлануда деген сауалдар төңірегінде Түркістан облысы бойынша Созақ ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Балаубекова Нұрғайша Махмұтқызымен сұқбаттасқан едік.

— Нұрғайша Махмұтқызы, жалпы жұртшылық мәдениет бөлімі дегенде қазақ халқының руханият дүниесінің жоқтаушысы да, қостаушысы да сіз басқаратын бөлім деп біледі. Осы тұрғыда бөлімнің негізгі бағыты мен бағдары туралы айтып өтсеңіз?
-Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген аудан аумағының мәдениет және тіл саясатын сапалы және қолжетімді қызметтер ұсынуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру бөлімнің негізгі атқаратын функциялары болып табылады
Созақ ауданында қазіргі таңда 36 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетуде. Олар:1 аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі, 5 ауылдық мәдениет үйлері /Қаратау, Созақ, Қыземшек, Таукент, Құмкент/, 8 ауылдық клуб мекемелері, 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 20 ауылдық кітапхана және 1 тілдерді оқыту және дамыту орталығы. Жалпы клуб мекемелерінің саны – 14. Оның 11 мәдениет мекемесі арнайы типтік ғимаратта, 3 клуб бейімделген ғимараттарда орналасқан. Аудандық кітапханалар жүйесі бойынша – 22 кітапхана жұмыс жасайды. Барлық кітапханалар бейімделген ғимарат жайларында орналасқан. Өткен жыл карантин жағдайында болса да, біз үшін табысты жыл болды.
Айтып өтсек, аудандық Созақ халық театрының ұжымы Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиялық қойылымын, Таукент кенті мәдениет үйінің өнерпаздары «Барыңды бағала» қойылымын халыққа онлайн режимде ұсынды.
Аудандағы даталы мерекелер фейсбук, Инстаграмм парақшаларында онлайн режимде мерекелік бағдарламалар, концерттер ұйымдастырылды. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына «Бір әннің тарихы» арналып түсірілген «Теріскей» бейнебаянында аудан өнерпаздары орындап, қатыстырылды.
Облыстық «Би өрнектері» хореографтардың онлайн байқауына аудан атынан қатысқан Досымбетова Ақманат қатысып бас жүлдені иеленді. «Текті сөздің төресі-терме» облыстық онлайн термешілер байқауына Шалабаева Гүлбану қатысып жүлделі ІІ орынды еншіледі. Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Толқысын шартарап» республикалық ән байқауына Аяулым Қойшыбай І орынды, Әлқуат Айдос ІІІ орынды алды. «Жеңіске тағзым» онлайн режиміндегі облыстық ән байқауына Қойшыбай Аяулым қатысып жүлделі ІІІ орынды иеленді
Қорғану шараларын сақтап, үйде болуға, сабырлықпен бірлікке шақыратын «Біз біргеміз» акциясы аясында ұйымдастырылған облыстық видеороликтер байқауында «Ең үздік дауыс үндестігі» номинациясымен «Шабыт» вокалды ән үйірмесі марапатталды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық онлайн жыр мүшайрасына ауданнан Құмкенттік Шералы Шапағат қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Пушкин облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен облыстық «Әмбебап кітапханашы» атты онлайн кітапханашылар байқауына ауданның атынан қатысқан Қыземшек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Бекмұратова Ботагөз Бас жүлдені иеленді.
Түркістан облыстық Мәдениет басқармасы Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Әлемді кітап арқылы танимын» ең көп оқитын оқырмандар арасында өткен облыстық онлайн байқауында аудан атынан қатысқан Малдыбек Жанерке І орын алса, Төрежан Гүлсезім ІІІ орынды иеленді. Түркістан облыстық Еңбек инспекциясының ұйымдастыруымен өткен «Үздік тәлімгер» онлайын байқауында Досымбеков Қайрат І орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдаманы жеңіп алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясына Созақтық Аширметова Ситара Сұлтанмұратқызы қатысып ІІІ орын иеленді. Республикалық «Берекелі алтын күз» балалар мен жасөспірімдер арасында қашықтықтан өткен өнер байқауының «Бейнелеу өнері» жанры бойынша Созақ ауылдық модельді кітапханасының оқырманы Мәметжан Роза І орынды иеленіп, кітапханашысы Балтабаева Гүлзина арнайы дипломмен марапатталды. Республикалық «Жеті өнер» балар мен жасөспірімдер арасында қашықтықтан өткен өнер байқауының «Бейнелеу өнері» жанры бойынша аудандық орталықтандырылған кітапхансының оқырманы Талым Саян І орын, кітапханашы Бурибаева Райса арнайы дипломмен марапатталды.
-Өзіңіз былтырғы жылы «Жылдың үздік басшысы» аталымын иеленгеніңізді білеміз. Оны айтып өткеніміз де орынды шығар. Десек те, кешегі аузы дуалы бабаларымыз айтқан «Қасиетті Қаратау әулиенің кені еді» демекші киелі орындарымыз басты байлығымыз десек осы маңызы басым ескеерткіштеріміздің күйі туралы сұрасақ орынды болар?
-Аудан көлемінде республикалық маңызы ескерткіштер қатары 5 –еу. Олар: Ысқақ бап кесенесі, Медресесі, қираған қорған орны, Ноғай-ишан мешіті, Ақсүмбедегі Ақбикеш мұнарасы. Жергілікті маңыз бар ескерткіштер саны 14, алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған ескерткіштер саны -17. Сонымен қатар аудан көлемінде орналасқан киелі орындарға яғни Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бабата елдімекенінде орналасқан «Ысқақ баб» кесенесіне, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан үш жылға 91,0 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарланып, 2019 жылға – 36,0 млн-ға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған жөндеу жұмыстары пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. Қаратау ауылдық округі аумағында орналасқан «Ақбикеш» мұнарасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілер тарапынан 2,0 млн теңгеге ЖСҚ дайындалып, бүгінгі таңда «Ақбикеш» мұнарасына «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі.
– Ауыл мәдениеті өркениеттің ең негізгі басты баспалдағы десек, бүгінгі күні ауылдардағы мәдениет ошақтары туралы да айтып өтсеңіз?
– Ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесі бар. Олар: аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы, Қаратау, Созақ ауылдық мәдениет үйлері /Жобалық сметасы жасалған, аудандық бюджеттік комиссияға ұсынылған/.
1000-нан асатын халық саны бар Аққолтық, Қарақұр, Тасты елді мекендерінен ауылдық клуб салуға құрылыс бөлімі тарапынан жоба жасалған. Мемлекеттік сараптамаданн өткен. 2020 жылғы тамыз айында облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасына «Ауыл-Ел бесігі» жобасына сәйкес 2021 жылы жаңадан салынатын құрылыстар ретінде Қарақұр, Аққолтық ауылдық клубтарының құжаттары өткізілді. Қазіргі таңда Қарақұр ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйі құрылысы жүргізілуде.
Мәдениет мекемелерінде домбыра, би, көркемсөз, эстрада, терме жанры 48 үйірме жұмыс атқарса, оған 728 өнерпаз қатысады. 1 халықтық атағы бар Созақ халық театры жұмыс жасайды.
Жалпы аудан бойынша 200 ден аса мәдени қызметкерлер жұмыс істесе, оның клуб мекемелерінде 145 штат, аудандық кітапханалар бойынша 52 штат, тілдерді оқыту және дамыту орталығында 7 штат жұмыс жасауда. «Мыңжылқы» мәдениет сарайы, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда 53, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 42 шығармашылық қызметкер бар. Зейнеткерлік жасқа келген қызметкерлер зейнеткерлікке шығып, білімі салаға сай келмейтін немесе білімі орта қызметкерлер арнайы жоғары оқу орындарына түсіп, білім алуда. 2021 жылдың жылдық жоспарын бекітіп, жыл басынан бері (30-дан) отыздан астам ресми және бейресми мерекелерде тақырыптық онлайын іс-шаралар, онлайын байқаулар ұйымдастырып, өткізілді. Оның ішінде негізгілерін атап айтар болсақ: «Арай-2021» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілер аудандық байқауы, «Тәуелсіз ел бақытты» мерекелік концерті, «Наурыз аруы-2021» аудандық байқауы, «Тарих. Жылдар. Балалар кітапханасы» атты көрме-экспозиция, әдеби танымдық кеш, Түркістан облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және домбыра күніне арналған «Күй құдіреті» облыстық жас күйшілер байқауымен ұлттық аспаптардың байқау-көрмесі ұйымдастырылды. Байқауға 14 ауданнан 24 үміткер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр ғұмырлы- ғажап ақын» атты Жамбыл жырларын жатқа мәнерлеп оқудан онлайн байқауы өтті.
– Республикамыз бойынша аудан, қала кітапханаларының ішінде кітап қоры мол біздің аудандық кітапхана екенін кезінде жарыса жазған болатынбыз. Кітапхана саласы жайлы бір-екі ауыз айтып берсеңіз?
– Кітапхана саласы бойынша айтар болсақ, атқарылып жұмыстарға оқырмандар бек разы. «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фойесінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты кітап көрмесі жасақталып, оқырмандар назарына ұсынылды. Аталмыш шаралардың барлығына жуық онлаин түрінде өткізілді. «Түркістанның таңдаулы туындысы» атты облыстық акциясы бойынша Мархабат Байғұттың шығармалары көрмесі жасалды.
Ағартушы ұстаз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына 60 жыл толуына орай «61-60-16» жобасы аясында 17 мамырда «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фойесінде «Тарих. Жылдар. Балалар кітапханасы» атты көрме-экспозиция, әдеби танымдық кеш ұйымдастырылды. Аудандағы 22 кітапхана мекемелерінде 371 /165 офлайн, 206-онлайн/ әдеби мәдени іс-шара өткізілсе, оқырман саны 10904-ке жетті. Кітап қоры-418 214. Оқырмандарға кітап берілімі 219054 дананы құрады. Жаңадан түскен кітап саны- 3002, оның қазақ тіліндегісі -2779.
– Қазақ халқының ғұлама жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның барлығынан құралақан қалады» деп ұлтының бетін үлкен ұлы арман тауға бұрып кетіп еді. Тіл саясаты туралы да аз-кем әңгіме айта кетсеңіз?
– Тілдерді дамыту саласы бойынша мекеменің тағы бір мақсаты Мемлекеттік тіл мен басқа да тілдердің динамикасын дамуына бағытталған мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру болып табылады. Мемлекеттік тілде іс-қағаздардың жүргізілуі 2015 жылдан 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымы-100 пайыз. Өңірдегі көрнекі ақпаратты бақылаудың орындалу деңгейі — 100 пайыз. Объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруді түбегейлі шектеу мақсатында тек қана тарихи жер-су атауларын беру туралы тапсырманы негізге ала отырып, атауы жоқ нөмірленген 36 көшеге тарихи жер-су атаулары беріліп, әділет департаментіне тіркелді. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Тілдерді дамыту бойынша – 11 іс-шара, байқаулар ұйымдастырылды. Сондай-ақ латын әліпбесін насихаттауда «Тұрғындарға төл әліпбиді тиімді меңгерту» насихат сағаты /Созақ мектеп-гимназиясы, «Таукент гүлдері», «Ертөстік», «Айшуақ» балабақшалары/ онлайн форматта өткізілді. Сонымен қатар мемлекеттік тілді насихаттайтын арнайы бейнероликтер жасалып, әлеуметтік желіге жарияланды.
Өзге ұлт жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» республикалық челленджі, «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» байқауы, әлеуметтік желі арқылы «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, «Абай оқулары» байқауларына ауданнан үміткерлер қатыстырлып, жүлделі орындарға ие болды.
Ауданда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2015 жылдан 100 пайызды, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 76,2 пайызды, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 15,7 пайызды, Үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі 12,5 пайызды құрап отыр.
Мемлекеттік тілдегі құжатайналымның үлесі бойынша ауданның дербес бөлімдері мен кент, ауылдық округтер бойынша 100 пайызды құрайды.
Ауданда «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ 2011 жылдан жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда орталықта 280 адам оқып шықты. (қазақ тілін 60, орыс тілін 60, ағылшын тілін 160 тыңдаушы оқыды). Жыл басынан бері жеткен жетістіктеріәмізге тоқталып өтсем, «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы Бексейітова Шахсанам Бас жүлде, «Ең үздік подкаст» облыстық байқауынан Есенгелді Айтбек ІІІ орын, Мемлекеттік тіл- тәуелсіздік символы» облыстық байқауы Абдуллаева Камола арнайы диплом, «Шаянға барсаң әншімін деме» облыстық ән байқауы Әлқуат Айдос Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі, Облыстық тіл орталықтарының орыс тілі оқытушылары байқауы Абишева Әсель ІІІ орын иеленгенін ерекше атап өтер едім.
– Жалпы, аудан жұртшылығы көшеге, ауылдар мен мектептерге кісі атын беру жөнінде ұсыныстар жолдап жатады. Осы мәселе бойынша да сіздердің бөлім айналысады ма?
– Дұрыс айтасыз. Ономастикалық жұмыстармен айналысамыз. Бірақ бұл облыс деңгейінде шешіледі. Қазіргі уақытта бұл мәселе халық санағына байланысты тоқтап тұр. Оның үстіне бүгінгі таңда көшелерге тарихи атауларды (Ақбикеш, Ақсүмбе,), жер, су (Қызылкөл, Торлан, Дарбыт) қою жөнінде келген тапсырма бойынша жұмыс жасайтын боламыз.
– Нұрғайша Махмұтқызы өзіңіз басқаратын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алдағы уақытта атқаратын негізгі жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
– Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бақылауында тұрған Қарақұр елді мекенінен құны 97 млн тұратын 75 орындық ауылдық клубы салынып, пайдалануға беріледі деп күтудеміз. Сондай-ақ Шолаққорған ауылында құны 413 млн 588 мың тұратын С.Қожанов атындағы музей салынып пайдалануға беріледі. Сол себепті музейді құнды жәдігерлермен толықтыру, ауданның ауылдары мен елді мекендерінде байырғы тұрғын халықтың қолында тұрған құнды дүниелерді жинақтау мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында барлық мәдени мекемелерде мерекелік іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, қазан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Созақ» триосының шығармашылық концертін облыс орталығы Түркістан қаласында өткізу, «Халық театры» атағын қорғап қалу үшін жергілікті ақын, драматург Байділда Айдарбековтің «Желтоқсан ызғары» атты шығармасының желісімен Райымбек Сейітметов атындағы сазды драма театрында қойылым қоюды да жоспарлап отырмыз. Әрине, бүгінгі карантин жағдайында санитарлық ережелер қатаң сақталатын болады.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Теріскейдің келбеті тек оның табиғатында ғана емес, оның мәдениеті, өнері, рухани кескіні мен тарихында «Теріскей, айналайын келбетіңнен!» деген сөздің астарында Созақ даласының бүткіл бітім-болмысы айқын аңғарылып тұрғандай.

Сұқбаттасқан
Мақсат Қарғабай.