ОМАРОВ ӨЗ САЛАСЫН ОҢДЫРМАДЫ

Ол ел жадында қымбатшылықты туғызып, қуаңшылықта қол қусырған министр ретінде есте қалды

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрі қызметін екі жыл атқарған Сапархан Омаровты мемлекет басшысының отставкаға жіберуі дұрыс қабылданған шешім болды.

Кешегі сенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кейеңтілген отырысы кезінде қабылданған бұл шешімді қоғам белсенділері осылай қолдап, қуаттады. Себебі, Сапархан Омаров халықтың ауқатты болуын қамтамасыз етеді деген зор сенімді ақтай алмады. Бұл оның көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанынан болды ма әлде өз жұмысына немқұрайлы қарағанының «жемісі» ма белгісіз? Бұл басы ашық сұрақ күйінде қала бермек. Анығы төреші уақыт әу-баста ауыл шаруашылығы министрі қызметіне Сапархан Омаров кандидатурасының таңдалуы дұрыс шешім болмағанын көрсетіп берді.
Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне кіріскеннен бастап салаға қатысты күрмеулі мәселелер қат-қабат болып кетті. Соның ең негізгісі төрт түлікті баптаған шаруалар үшін жайылым жердің жетпеуі еді. Қорадағы қой-сиырдың қоңды болуына аса қажет жайылым жердің жеткіліксіздігі шаруалардың есін екеу, түсін төртеу еткенмен, оған Сапархан Омаровтың терлеп, таусылғаны байқалмады. Тек елімізде 187 млллион гектар жайылым жер бар екенін, бірақ оның барлығы мақсатты игерілмей жатқанын алға тартқан Сапархан Омаров бұл бағыттағы олқылықты реттеу үшін жергілікті атқарушы органның сылбыр жұмысын Үкіметке мәлімдеуден артық қадамға бара алмады. Мәселен, былтыр наурыз айында Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдау кезінде экс-министр «Жергілікті атқарушы органдар нақты шаруашылықтарға бөлініп берілген жайылым жерлердің қаншалықты мақсатты пайдаланылып жатқанына талдау жүргізген. Талдау жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға берілген 72,4 млн. гектар жайылымды қамтыған. Нәтижесінде шаруашылықтардың пайдалануына үлестірілген сол 72,4 млн.гектар жайылым жердің жартысына жуық бөлігінде мал басының жеткілікті мөлшерде еместігі анықталған. Соған сәйкес министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру жобасына кіріскен» деген сөзі соған мысал. Содан бері бір жылдан аса уақыт өтті. Жайылым жердің жеткіліксіздігі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл осы бағытта атқарылған жұмыстардың тиіп-қашып орындалып жатқанының белгісі емей немене?
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ресурсына бай елімізде егістік алқаптағы өнімдер бағасының күрт қымбаттауы да былайғы жұрттың Омаровқа деген қынжылын тудырды. Алысқа бармай-ақ, биыл елімізде азық-түлік күрт қымбаттап, елдегі инфляция алғашқы жарты жылда 7,9 пайызға өскен. Бұл белгіленген нысаналы дәлізден 4-6 пайызға артық болып шыққан. Мұндай кері динамиканы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиісті ведомстваның осалдығымен байланыстырды. Және Омаровтың билік бұтағында отырса да ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмауына қатысты сын тезіне ілінуі әділ екенін жасырмады. Және оған негіз ретінде сала басшысына көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша бірнеше рет тапсырма берілгенмен, күтілген нәтиже болмағанын айтты. Қазіргі таңда көкөніс өнімдерін сақтау үшін жеткілікті қуаттар Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында ғана бар.
Ауыл шаруашылығы саласына қатысты халықты алқымнан алған мәселеге министр нақты істен гөрі, құрғақ сөзбен қуырдақ қуыратын бейғамдығы да халықтың ашуын туғызды. Кешегі маусым айының басында елде картоп бағасы 400 теңгеге дейін күрт қымбаттап кеткенде мәселеге дәу нүкте қоюдың орнына ол аталған өнімді өндірушілерге бағаны шамадан тыс өсірмеуге кеңес беремін деп шектелгені, іле қоймалардағы өнімді тауар өндірушілері 200 теңгеден босатып жатқанын, қалған 200 теңгені делдалдар немесе сауда орындары өздері қосып отырғанын айтып екіұшты жауап бергені де «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері болды. Экс-министрдің картопқа қатысты тағы бір мәлімдемесі елді таң қалдырды. Ол аталған өнімнің бағасы 500 теңгеге дейін өсіп, шарықтау шегіне жеткен кезде «Қазақстан халқы жылына 3 млн 693 мың тонна картоп тұтынады. Елімізде жыл сайын 4 млн тонна картоп өндіріледі. Яғни, ішкі нарықты өз өнімімізбен 108,5 пайызға қамтып отырмыз. Ал нарықтағы дүрбелең маусымдық сипатқа ие. Мұның бәрі уақытша. Біздің картоп әлі піскен жоқ. Сондықтан Өзбекстаннан жеткізілуде. Ал Өзбекстанда картоп маусымы саябырсығанда, біздің өнім ол жаққа экспортталады. Жылда осылай болады. Шамалы уақыттан кейін отандық картоп сауда нүктелеріне түседі де, жағдай өздігінен реттеледі, — деп барлығын уақыттың еншісіне ысырып қоя беретін бейғам екенін аңғартты. Қазақстандықтардың жылына қанша тонна картопты талғажау ететінін нақты цифрмен айтып берген Сапархан Омаров ел тұрғындарының қанша тонна сәбіз жейтінінен хабардар екеніне күмәніміз жоқ. Бірақ ол соған қарап стратегиялық болжам жасап, тұрақтандыру қорында жеткілікті өнімнің сақталуын жолға қоя алмауының салдарынан сәбіз бағасы 800 теңгеге дейін бір-ақ өсті. Бұл мәселеге де тиісті ведомствалар сәбіз өнімінің жетіспеушілігі сәуір-шілде айларында жыл сайын сезілетінін, осы аралықта Қазақстан өнімге деген сұранысты Өзбекстаннан келген өніммен жабатынын, бірақ биыл көрші елдегі сәбіз құны 55 пайызға қымбаттағанын айтудан әрі аспады. Ауыл шаруашылығы өнімінің қай уақытта жеткілікті, қай уақытта жеткіліксіз болатынын біле тұра нақты қадамдарға бармай, стратегиялық жоспарлар жасамай ай қарап жүре беретін Омаровтың отствакаға кеткеніне жұрт осыдан кейін қалай қуанбайды?
Омаровтың көптің қамы үшін шыр-пыр бола бермейтініне осы сынды мысалдар жетерлік. Осы жылы Президент тапсырмасынан кейін құрылып, бес рет бас қосып, сәуір айының соңында жұмысын қорытындылаған Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсынысымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ел азаматтарына жекеменшікке сату туралы мораторий мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылғаны белгілі. Осылайша мүлдем талқыланбауы тиіс, яғни, елдің ен байлығы жекенің емес, мемлекеттік меншігінде болуы тиіс мәселеге қатысты мұндай шешімге қол жеткізу аталған комиссияның мүшелері үшін оңай дүние болмады. Расымен де ата-бабамыз кейінгі ұрпаққа аманат еткен жер жекенің қолында болмауын халықтың басым көпшілігі қолдап, қуаттап жатты. Бірақ сол кездегі жер комиссиясындағы басты фигурант әрі ауыл шаруашылығы министрі креслосының иесі Сапархан Омаров жердің жекеге сатылуына мүмкіндік беру дұрыс дегені оның «қырық кісі бір жақтың» жағында емес екенін анық көрсетті.
Айтқаны да, дегені де жұрттың дегбірін қанша қашырса да, орнынан тапжылмай отырған Сапархан Омаровтың елдегі қуаңшылыққа байланысты Маңғыстау облысында жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жеткеніне жол бергеніне Президент көз жұма қарап тұра алмады. Қызметінен алынған Сапархан Омаровтың орнына осы кезге дейін қаржы министрінің орынбасары болып істеген Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы болып тағайындалды. Енді ол біраз шаруаны қорасындағы малынан, экс-министрді қызметінен айырған қуаңшылық әкелген тығырықтан шығар жол таба ала ма? Мәселені шешудің жолын айтқандардың сөзіне құлақ аса ма?
Жуырда «Адал» партиясы мен «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» қуаңшылыққа байланысты Үкімет басшысының атына үндеу жолдады. Онда қуаңшылықтың зардабын тартқан Маңғыстау мен Қызылорда облысы ғана емес екені, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл мен Түркістан облысының шаруалары малға беретін азық жоқ екенін, қысқа жем-шөпті қалай дайындайтынына алаңдап дабыл қағып отырғаны жазылған. Мұның зардабы тек ауыл халқына емес, жаппай қазақстандықтарға ортақ мәселе екені, егер құр қарап отыра беретін болсақ жылдың соңы мен келер жылдың басында бір келі ет бағасы 5000 теңгеге дейін көтерілуі бек мүмкін екені де ескертілген. Сондықтан мемлекет шұғыл шешім қабылдап, жағдайы ушығып тұрған өңірлерге тез арада төтенше жағдай жариялау қажет екенін, жер жерден белсенілер мен қайырымды азаматтардың арқасында жиналып жатқан жем-шөпті қажетті жерлерге жеткізуге жәрдем берілуі сұралған. Бұдан бөлек онда жем-шөпті экспорттауға тыйым салу да айтылған. Айта кетейік, елімізде жылына 2 миллион тонна жем-шөп шетелге шығарылады екен.
Белсенділер орын алған бұл жағдайдан енді елімізде жем-шөп стратегиясы жасалуы тиістігін алға тартады. Айталық, 2020 жылы ірі қара мал басының саны 2016 жылмен салыстырғанда төрт жылдың ішінде 22 пайызға, қойдың саны 10, жылқының саны 39 пайызға көбейген. Бірақ сол төрт-түлік тұтынатын жем-шөп дақылдарының көлемі айтарлықтай азайған. Мысалы, 2016 жылы өнім көлемі 3,7 млн. тонна болатын болса, 2020 жылы 3,3 млн. тоннаны құраған.
Жеме жемге келгенде бұл тек ауыл шаруашылығы министрлігінің еншісіне қалдырылған шаруа емес. Бұл жаппай мемлекет деңгейінде өзегі тарқатылатын мәселе.
Айтпақшы, экс-министр Сапархан Омаров министр болып жүрген уақытында қателеспесек, наурыз айында елімізде республиканы қамту көрсеткіші 50-60 пайыздан аспайтын алты өнім түрін, атап айтқанда, балық, алма, шұжық өнімдері, құс еті, ірімшік пен сүзбе, қантпен ішкі нарықты 2024 жылға қарай ғана толықтай қамти аламыз деп уәде берген еді. Енді Омаровтың бұл уәделі мәлімдемесін оның орнын басқан Ербол Қарашөкеев сөзден іске көшіре ала ма екен?

А.САТЫБАЛДЫ.