ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Шымкентте жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жабдықталған 18 «Инватакси» қызметіне 407 өтінім келген. Бұдан бөлек, 43 «Әлеуметтік такси» автокөлігіне 443 өтінім қабылданған. Нәтижесінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын І және ІІ ші топтағы мүгедектер емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға жеткізілген.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 230, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 236 жолдама берілген.
Естеріңізде болса, 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде мүмкінлігі шектеулі азаматтардың оңалтудың техникалық құралдарына үйде отырып-ақ тапсырыс бере алатын «Әлеуметтік қызметтер порталы» іске қосылған болатын. Аталған портал Шымкентте өткен жылдың 3-маусымынан бастап пилоттық жоба ретінде енгізілген. Өз кезегінде портал «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету», «Оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету», «Ымдау тілі маманы қызметін көрсету», «Жеке көмекші қызметін көрсету» және «Санаторлы-курорттық емдеу қызметін көрсету» сынды қызметтер көрсетеді. Осы жылдың қаңтар айынан бастап аталған портал үшінші мегаполисте толық іске қосылған болатын. Аталған портал арқылы биыл мүгедектігі бар 2510 адамға сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар, протездік-ортопедиялық көмек және тағы басқа қызметтер аясында 488445 техникалық көмекші құралдар жеткізілген.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға дейін мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорында 36 694 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл жалпы 1 млн 46 мың халық санының 3,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 30 339-ы – ересек адам (І топ – 3 238, ІІ топ – 14931, ІІІ топ – 12170), ал 6 355-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен үшінші мегаполисте өткен жылы мүгедектікке шыққандар саны 404 адамға төмендеген.