«ТҰРАНДА» АУҚЫМДЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ

Шымкенттегі «Тұран» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы басталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мәлімдеді.

«Тұран» шағынауданына барып, құрылыс жұмыстарын пысықтаған басқарма басшысы Боранбай Болатбеков:
– «Тұран» шағынауданындағы ішкі магистралдық кәріз жүйесінің құрылысын «Газовое Хозяйство Шымкентгаз» мердігер мекемесі жүргізетін болады. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, шағын аудан орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болады, — деді.
Бүгінде «Тұран» шағынауданының кәріз жүйесімен қамтамасыз етілу көрсеткіші 10 пайызды құрайды. Шағынауданда жалпы 5,5 шақырым магистралды кәріз құбыры бар. Бұл желіге «Отау Строй» және «Әдия» тұрғын үй кешендері қосылған.
Қазіргі таңда «Тұран» шағынауданын кәріз жүйесімен қамту мақсатында 13 шақырым магистралды және 50 шақырым ішкі орамдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес, 2021 жылдың соңына дейін магистралдық құбырлар 100 пайыз және ішкі орамдық 35 шақырым кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын болады.