ВЕНГРИЯЛЫҚ ИНВЕСТОР ҚАЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Әлемнің көптеген елдерінде IT бағдарламалау, медициналық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жобаларды кешенді басқаруды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеге ие венгриялық «SmartSet International Ltd» компаниясы Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған компанияның құрылтайшысы және басқарма төрағасы Барнабас Ревеспен кездесіп, ынтымақтасты дамыту, инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.
Кездесуде қала әкімі венгриялық компанияның Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларға деген қызығушылығы үшін ризашылығын білдірді. Өз сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы «Сіздердің тараптарыңыздан жоспарланған көпсалалы аурухана, денсаулық сақтау орталығы, адам ДНҚ-сының құрылымын зерттейтін заманауи зертхана (генетикалық инженерия) және медициналық жабдықтар өндірісі сияқты инвестициялық жобалардың қала үшін маңызы зор»,-дей келе, инвестициялық жобаларды іске асыруда әкімдік тарапынан көмек пен қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар қала әкімі Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы туралы «Қаланың инфрақұрылымы дамыған, барлық жағдай бар. Қаланың Орта Азияда инвестициялар, технологиялар және зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болу үшін әлеуеті жеткілікті»,-деді.
Ал «SmartSet International Ltd» компаниясының басшысы Барнабас Ревес мырза Шымкент қаласының мүмкіндіктерін жоғары бағалап, қала басшылығына алғысын жеткізді. Ол:
– Бүгінгі кездесу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын. Біз екі жақтың да мүддесі үшін тиімді және табысты жұмыс істей аламыз. Біздің бүгінгі бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде заманауи медициналық жабдықтар, жоғары кәсіби ауруханалар, жоғары IT-технологиялар бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуда бірқатар жобаларды іске асырамыз деп ойлаймын, – деді.
Айта кетсек, «SmartSet International Ltd» компаниясы елімізде денсаулық сақтау және IT жобаларға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компания инвестицияларының көлемі жылына шамамен 100 миллион АҚШ долларынан асады.