КЕҢЕСТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ
Шымкент қаласы әкімдігі экспортты дамыту бойынша, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» және «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамдары бірлесе отырып Zoom платформасы арқылы қала аумағындағы әлеуетті экспорттаушылар үшін 2021 жылдың алғашқы өңірлік экспорттаушылар кеңесін өткізді.
Онлайн кездесуге Шымкент қаласы
әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы, «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдері және Шымкент қаласы бойынша «Атамекен» ҰКП және аудан әкімдері, Шымкент қаласының 35 ірі экспорттаушы кәсіпорындары қатысты.
Кеңесте кәсіпорындарды акселерация бағдарламасы, көлік шығындарын өтеу, экспорттаушыларды қолдаудың өзге де құралдарымен және экспорттаушыларды қаржылық-сақтандыру арқылы қолдау шаралары таныстырылды. Сондай-ақ, отырыста кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері де талқыға түсті.
Басқосуда қаладағы экспорттың қазіргі жағдайы мен экспорттық әлеуеті туралы қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев «Экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларын кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру қала өндірушілеріне елеулі қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, экспорттық желіні кеңейтеді. Сыртқы нарықтардағы отандық өнім көлемін арттыратын болады», — деді.
Айта кетерлігі, Шымкентте машина жасау, металлургия, тамақ өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және құрылыс өнімдерін өндіру салаларында 35 белсенді экспорттаушы компания жұмыс істейді.