ШЫМКЕНТТІҢ КӘУАБЫ ҒАНА ЕМЕС, СУСЫНЫ ДА ТӘТТІ

Шымкенттің тек шашлығы ғана емес, сусыны да дәмді. Қалада «ВИЗиТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін алкогольсіз «Буратино», «Дюшес», «Тархун», «Лимонад» табиғи сусындары шырайлы шаһардың мақтанышы болған дәмге айналғаны қашан. Жыл сайын кәсіпорын тұтынушылар талғамынан шығатын бастамаларды қолға алып, қанатын кеңге жайып келеді. Өндіріс орны «Денсаулық» сериясымен әзірленетін сусындарға дәрілік шөптер мен тамырлардың инфузиясы қосылған табиғи шикізаттарды қолдануы соның мысалы.

Тарихы 1930 жылдан бастау алатын өндіріс орны 1991-1998 жылдары «Pepsi-Cola», «Coca-Cola» компаниялармен жұмыс істеп, өндірісін жетілдірді.
2006 жылы кәсіпорынға «KRONES» автоматтандырылған құю желісі орнатылып, сағатына 12,0 мың бөтелке өндіру қуатына қол жеткізген. Мұнан бөлек, GPS спутниктік навигация жүйесі енгізіліп, ескірген жабдықтар ауыстырылған. Сусындарды дайындауда көмірқышқыл газымен қанықтырудың озық технологиялары игеріліп, өндіріс қуаттылығы 3 есеге артқан.
2019 жылы айналым қаражатын толтыру үшін компания «Даму» қорының көмегімен екінші деңгейлі банктен 14,95% несие рәсімдеп, оның 8,95% «Даму» Қоры субсидиялаған.
Тұтынушылардың сеніміне ие болған өндіріс орны 2019 жылы «Алтын сапа» байқауында «Қазақстанның үздік тауары» номинациясын жеңіп алған.
Бүгінде «ВИЗиТ» алкогольсіз сусындар зауыты» ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін енгізу арқылы жаңа өнім түрлерін көбейтіп отыр.