ҮШЕМ КЕЛГЕН ОТБАСЫҒА МЫРЗА КӨМЕК КЕРЕК
Бізде үшем туылған отбасыға жомарт жандардың көмегімен баспана берілетін жақсы дәстүр бар еді. Егер ол отбасы баспана тауқыметін тартып жүрген болса әрине. Оған мысал болатын мысалдар көп. Бірақ соңғы жылдары мұндай игі іс келмеске кеткендей ма дерсің… Бұған ұйымдастырмады деп әкімді, қол ұшын созбады деп бай бағландарды кінә тағудан аулақпыз. Әйтсе де өмірге бір емес, екі емес, бірден үш баланы әкелу кез келген ананың маңдайына жазылып, басына түсе бермейтін ерлікпен тең емес пе? Шаңырағының қабырғасын қалыңдатып қана қоймай, ел демографиясының өсуіне зор үлесін қосқан мұндай отбасыларға қолдау танытудан көп нәрсе жоғала қоймасы анық қой. Бұлай ой түюіміздің себебін түсіндіре кетсек.
Естеріңізде болса, өткен жылдың наурыз айында Шымкентте мерзімінен бұрын туылған үшемнің перзентханадан аман-есен шығарылғаны туралы сүйінші жаңалық тез таралған еді. Медина, Алина және Ясина есімді кесте тігерлерді өмірге әкелген Арайлым Сембиева жағдайының жақсы екенін, дәрігердердің арқасында үйіне дін аман оралғалы жатқандары үшін Құдайға шексіз алғыс жаудыратынын айтып ағынан жарылғанын естіп, көріп бізде бір жасап қалған едік. Үйінде екі үлы мен бір қызы күтіп отырған Арайлым осылайша бірден алты баланың анасы болып шыға келеді. Сол сәттерде жолдасы Дәуренбектің де қуанышы көкке бір елі жетпей, жаратқанға алғыс жаудырады.
Бұл отбасының одан кейінгі өмірі жұрт назарынан тыс өрби береді. Жуырда редакциямызға біз сөз еткен үшемнің әкесі Дәуренбек үшбу хат жолдапты. Алты баланың әкесі Дәуренбектің сондағы сөзін тұтастай көшіріп бермей-ақ, жалпы мазмұнын жазуды жөн санадық.
Арайлым Сембиева мен оның өмірлік жолдасы Дәуренбек Тасқараевтың екеуі үшін баспана мәселесі жылдар бойы бас ауыртар проблемаға айналған екен. Оның жұбайы 2012 жылы жалғызбасты ана ретінде арендалық тұрғын үй кезегіне жазылған. Бірақ жолдасы Дәуренбекпен некесін заңдастырған соң, 2016 жылы санаты өзгерместен еш ескертусіз үй кезегінен шығарылған. Қайтадан кезекке тұруға әрекеттенген. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған. Себебі Дәуреннің атына жылжымайтын мүлік ретінде жер телімі тіркелген екен. Алайда отағасы бұдан жылдар бойы хабарсыз жүрген. Өзіне берілмеген жердің, өзгелерге заңсыз бұйырғанына өзі де таң. Мұның өзі бір тақырыпқа жүк болар мәселе болған соң, ары қарай қаузамай-ақ қоялық. Ерлі-зайыптылар үй кезегіне тұру үшін қаншама уақыты кеткендеріне қатты қынжылады. Отанасы үшемге бірдей қарауға үлгермейді. Сондықтан да бала бағымына оның жолдасы көмектеседі. Бала күтімінен бөлек, тамағы мен киімін тауып беру отағасы үшін оңайға соғып жатқан жоқ. Ай сайынғы пәтер ақысы да отбасының есін екеу, түсін төртеу етеді. Бұл отбасы қайырымды жандардан қайыр болар деген үмітті еміп, әкім атына бірнеше рет өтініш жолдаған. Бірақ әкімдіктен жәрдем былай тұрсын, жартымды жауап ала алмай келеді.
Осы ретте біз Дәуренбектің шеберлігі туралы айта кетуді жөн санадық. Ол өз бетінше пластмассадан асық жасап шығаруды қолға алған. Бұл туралы ол:
«Жасыратыны жоқ біздің кейбір дәстүрлеріміз заманның көлеңкесінде қалып барады. Ол барлығымыздың бала кезімізде сүйіп ойнаған – асық ату ойыны. Асық дегенде, езу тартып «мен асықты шебер ататын едім, сақам мынандай болатын» деп балалық шағын еске алмайтын ағаларымыз кемде кем шығар. Немерелері үшін асық жинап жүретін ата-әжелерді айтсаңызшы. Ол кезде әкелеріміз сүйек кеміріп, асық алып беретін. Біз болсақ бала боп, қуанатынбыз. Сол жақсы әдетіміз бүгінгі күні тасада қалып, ұмытылып барады. Бүгінгі күннің әкелері қойдың бас сүйегін ұстамақ түгілі, сүйек кеміріп, асығын ала бермейді… Оған ебі де жоқ… Көп жағдайда чикеннен аса алмай барамыз. Ал балаларымыз болса, телефонға телміріп, планшеттен басын көтере алмай, жалқау болып барады. Алақанынан түспейтін құрылғыдан бір сәт ажыратсаңыз, безек қағады. Мұндайда өзіңіз сол телефонды қолына қалай қайта ұстатып қойғаныңызды білмей қаласыз…», -деп ойын білдіреді.
Дәл осы олқылықты барынша түзеу үшін, Дәуренбек өз бетінше пластмассадан асық жасап шығаруды қолға алады. Ол өз өнімдерін, шынайы асықтардан ажырата алмай қалатындай дәрежеде сапалы етіп шығару үшін барын салған. Асықтың ойық-қырын дәлме-дәл жасау ісіне үлкен ыждағаттылықпен қарап, өзінің авторлық идеясымен өзгеше нұсқада шығарған. Нәтижесінде оның өнімі кәдімгі асықтардан бір мысқал кем емес дүниеге айналып шыға келеді.
Дәуренбектің ендігі мақсаты өнімдерінің балабақшадағы 3 жастан жоғары бүлдіршіндеріміздің сүйіп ойнайтын ермегіне айналуы. Осылайша ұлттық ойынымызды жандандыру болып табылады.
Жалпы асық ойнағанда балалардың денесі қозғалысқа көп түсіп, қан айналымын жақсартады. Сақамен асықты дәлдеу өреннің көз жанарының өткірлігін шыңдайды. Және оларды көпшіл, бауырмал болуға баулитыны тағы бар. Зияны жоқ, пайдасы көп.
Тың бастаманы қолға алған Дәуренбектің бұл ісі енді ілгері басып келе жатқан кезде, күтпеген карантиндік режим кері әсерін тигізіп, біраз шығынға батып, тұралап қалған. Кім біледі Дәуренбектің бастаған ісінің ары қарай жандануына, қанатын кеңге жаюына қазіргі күйі қолбайлау болып жүрген шығар.
Қазақта «аш адамға балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Жоқтан бар жасауға талабы бар, бірді екі етуге ебі бар Дәуренбектің қолында қармағы бар. Тек қанжығасы майлануына оның үйлі болуы үлкен дем берер деген үмітпен біз үшем келген отбасының бүгінгі халін газет арқылы жеткізуді жөн санадық. Иә үшем келген отбасыға үй берілсін деген заң жоқ. Дегенмен де, айналымызда дархан көңілді азаматтар осы мәселеге ден қойып, мырза көңіл көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.