ШПЕКБАЕВТЫҢ КЕҢЕСІН ШЕНЕУНІКТЕР ТЫҢДАЙДЫ МА?

Таяуда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Жиында агенттіктің басшысы Алик Шпекбаев жемқорлыққа барған шенділер туралы сандарды сөйлеп, оның тамырына балта шабудың жолдарын айтты. Тіпті ол мемлекет қаржысын қалтаға басқан көмейі кең экс-басшыларды заңнан да, Құдайдан да қорықпағандар деп сөкті.

Елімізде бюджет қаржысын талан-таражға салғандарды анықтап, құрықтайтын агенттік төрағасы Алик Шпекбаев былтыр жемқорлық әрекеті үшін 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Жалпы саны 722 адам сотталған. Олардың ішінде 5 вице-министр, 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі мен олардың орынбасарлары бар.
Есепті кезеңде 25 аса ауыр, 1368 ауыр қылмыс пен жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 112 фактінің жолы кесілген. Атап айтқанда, агенттік қызметкерлерінің араласуымен 132 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын 2 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алудың жолы кесілген. Алик Шпекбаев пандемия жағдайында ел сұранасына аса қажет аппараттарды құзыретті қызметін пайдаланып өз құнынан жоғары бағаға сатып алу арқылы түйені түгімен, биені бүгімен жұтуға арланбағандардың әрекетін, адам өлтірумен пара -пар деп баға берді.
Агенттік тіркелген жемқорлық дерегінің көпшілігі ішкі істер министрлігі, қаржы министрлігі, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау министрлігінің еншісінде екенін атап өтті. Сонымен қатар ол, ел сенімін өз мүддесіне пайдаланып, қазынадағы қаржыға қол салғандарды темір тордың ар жағы түзу жолға салуы неғайбыл екенін де жасырмады. Ай күннің аманында жолынан жаңылған басшыларды тәубесіне түсірудің ұтымды жолы – қоғамдық жұмыстарға тарту. Бұл туралы ол:
– Мұндай тәжірибе Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерде жемқорларды негізгі немесе қосымша жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тарту бекер емес. Мәселен, Ұлыбританияда сотталғандарға «қоғамның қарызын қайтарушы» деген жазуы бар кеудеше кигізіп, оларға көше жұмыстарын жүктейді,-деді. Ол мұны ой елегінен өткізсе, тиімді тәсіл екенін, әрі қоғам қылмыскерлерді жазбай танитынын алға тарта келе, – орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыстары үшін қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық заңнамамен реттелгеніне қарамастан, Қазақстандағы соттар мұндай жазаны тағайындамайды. Менің ойымша, ең алдымен күшті алдын алу әсері тұрғысынан бұл институтты күшейту қажет,-деді.
Бұдан бөлек ол, сән салтанатқа толы өмірге көп қызығатын шенеуніктер мен олардың отбасына қарата «Ұлық болсаң, кішік бол» деген келелі кеңес берді.
– Олардың қымбат шипажайларға барып, отбасылық суретке түскені, қымбат дүкендерден қызылды-жасылды киім алғаны, қымбат көлікті тізгіндегені әлеуметтік желілерге таралып кетіп жатады. Кейіннен ол ел талқысына тез түседі. Біз мұндай «үрдісті» шектеу шаралары арқылы жоя алмаймыз. Десе де қарапайымдылық пен кішіпейілділік мемлекеттік қызметшілердің қаперінен шығармайтын басты қағидаға айналуы тиіс,-деп, бұл бағытта барлық қоғамды жұмылдыра отырып, жүйелі жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
Елімізде жемқорлықты жоюға қатысты мұндай қатал әрі ұранды сөздер әлі талай жыл айтылатын сияқты. Себебі, жуырда Транспаренси Интернешнл халықаралық ұйымының 2020 жылға арналған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94 орынға тұрақтағаны белгілі болды. Еліміз бұл рейтингте 2019 жылы 113 орында, 2018 жылы 124-ші орында болған. Коррупция жайлаған елдер тізімінде өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше сатыға жоғары көтерілгенмен, елімізде жемқорлықтың «гүлдеп» тұрғаны жасырын емес.

Қ.ҚАЛИЕВ.