МӘСЛИХАТТАҒЫ 270 ОРЫНҒА 800-ДЕН АСТАМ ҮМІТКЕР ТАЛАСАДЫ

Түркістан облысы бойынша аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттағы депутаттар саны 270-ті құрайды. Келер жылдың қаңтарында өтетін сайлаудан соң олардың құрамы жаңарады. Осы мақсатта облыстық, қалалық, аудандық маслихаттарының кезекті сайлауына 5 саяси партиядан жалпы 833 үміткер додаға түседі. Оның ішінде 116 азамат облыстық мәслихаттағы 45 депутаттық мандат үшін өзара бақ сынайды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.
Төрағаның сөзінше «Nur Otan», «Ақ Жол», «Ауыл», «Адал», Қазақстанның халықтық партиясынан қатысатын жалпы саны 833 үміткерді тіркеу жұмыстары толық түгесілген. Үміткерлердің ең көбі дәлірегі, 632-сі «Nur Otan» партиясынан болса, 81-і «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан, 69-ы «Ақжол» Қазақстанның демократиялық партиясынан, ал 46-сы «Adal» саяси партиясынан, сондай-ақ 8-і Қазақстанның халықтық партиясынан қатысады.
Қазіргі таңда бес партия да сайлау ережесіне сай үгіт-насихат жұмыстарына қызу кірісіп кеткен. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Кәденұлы саяси партиялар тарапынан ешқандай заңбұзушылықтар орын алмағанын айтты.
Айтпақшы үміткер ретінде сайлауға түсетін азаматтардың 331-і әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар. Бұл Орталық Сайлау комиссиясының бекіткен 30 пайыздық квотасына сәйкес келеді.