ШӘМШІ БЕЙНЕСІ ШӘКІРТТЕРГЕ ШАБЫТ БЕРЕДІ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінің алдында Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, музыкалық продюсер Қалдыбек Құрманалиев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
«Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарындарды сыйлаған киелі мекен. Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр», — деді облыс әкімі. Есткерткіштің биіктігі 2,5 метр. Ал авторы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинашев. Демеушілер есебінен жасалған ескерткіштің композияциясы Шәмші ағаның ой үстінде отырған сәтін бейнелейді.
Дарын иесіне арналған тұғыртастың ән мектебінің ауласында бой көтеруі тегін емес. Мәдениет саласының майталмандары мұны киелі шаңырақтың қабырғасында тәлім алып, талабын шыңдап жүрген жас өнерпаздарға бойтұмарға айналатын құндылық болады деп сенеді.