«ҚАРА БҮРКІТ» БАСШЫНЫҢ БЫЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ең қатыгез қылмысқа барғандар, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар мен лаңкестер тоғытылатын қатал режимді «Қара бүркіт» түрмесінің басшысы сотталушыға қамқорлық жасау үшін пара аламын деп құрыққа ілінді.
ҚК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінің басшысын ұстау операциясын Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қостанай облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі жүргізген.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлауынша ҚАЖД ҚК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінің бастығы сотталушыға жалпы қамқорлығы үшін пара алғаннан кейін ұсталған.
Қазіргі таңда жабық колония басшысы Қостанайдың уақытша ұстау изоляторында тергелуде.
Қостанай облысы, Жетіқара ауданының орталығынан 30 шақырым шалғайда орналасқан «Қара бүркітте» Владислав Челах жазасын өтеп жүр. Оған 2012 жылдың мамыр айында «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде 14 шекара қызметкері мен қорықшыны өлтірген деген үкім кесілген болатын. Сондай-ақ, бұл колонияда 2016 жылы Алматы аудандық ішкі істер басқармасына және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен салық департаментіне қару-жарақпен шабуыл жасаған Руслан Қүлекбаевта жазасын өтеуде. Өлімін «Қара бүркітте» күтетін Күлекбаев жасаған бассыздықтан 10 адам қайтыс болған.