Маңызды

ӘН АҒАҒА АРНАЛЫП МУЗЕЙ ҚҰРЫЛДЫ

Әндері барлық буынның жүрек қылын шертетін, қазақ вальсінің королі композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналып музей құрылды. Жәдігер үйі талант иесінің кіндік қаны тамып, кірі жуылған туған жері қасиетті Отырар ауданының төрінде ашылды. Бұл шара Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Классикалық қазақ ән өнерінде шоқтығы биік талант иесі болып табылатын композитор құрметіне жасалған мұндай құрмет Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Музейдің ашылуына еліміздің Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен сазгердің ұлы Мұхтар Қалдаяқов қатысты.
Тарихи сәтте министр А.Райымқұлова «Шәмші Қалдаяқов — қалың қазақтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, ұлттық əн өнерінде айрықша із қалдырған сері сазгер, қазақ вальсінің королі. Дүйім жұрт мойындаған бірегей өнер иесі. Ол егемендігіміздің символы саналатын Әнұран музыкасының авторы. Сыршыл сезімге құрылған лирикалық әсем туындылар келешекте де халықпен бірге мәңгі жасай берсін»,-деді.
Өз сөзінде Өмірзақ Естайұлы талант иесінің 90 жылдығы қарсаңында оның өмір жолынан мол мағлұмат беретін музей ашу туралы бастаманың қалай қолға алынғанын былай деп жеткізді.
– Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қазақ ән өнерінің дамуына зор қолтаңба қалдыра білген азаматтың құрметіне осындай мұражай ашу туралы бастамамыз демеушілер есебінен жүзеге асты. Аз уақыттың ішінде құрылған Шәмші музейі Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс.
Қазақ жерінде қазақ вальсінің короліне арналып бой көтерген алғашқы музейде композитордың өзі қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған музыкалық аспабы секілді құнды жәдігерлер бар. Ұлттық музей жаңадан ашылған Шәмші музейіне композитордың бас киімін әкеліп тарту етті.
Келушілер назарына бірден түсіп, оларды Шәмші өмір сүрген шаққа тап болғандай әсер сыйлайтын бұл жәдігерлер өнердегі өкшебасарлардың өрісін кеңейтіп, қанаттандыра түсетіні анық.
Аталған нысан Шәмші Қалдаяқовтың туып-өскен үйінің үлгісінде салынды.
Музей құрылысы кезінде даңқты сазгердің көзін көрген азаматтардың естеліктері есепке алынды
Отырарда ашылған бұл мәдени нысанды күтіп-баптау үшін мекеме облыстық музейдің филиалы ретінде ашылып, арнайы штат санымен мамандар жұмыс істеп, олар келген туристер мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін болады.
Ән ағаның туғанына 90 жыл толуына орай өскелең ұрпаққа оның шығармашылығын насихаттап, төл өнердің тарланын құрметтеу бағытындағы шара осымен түгесілмейді. Облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілетін болады. Сонымен қатар, киелі кенттегі бір көше композитордың есімімен аталады.
Шығармалары халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Шәмші ағаға тәуелсіздік алған жылдан бастап бірнеше қошемет пен құрмет көрсетіліп келеді. Мәселен, 1991 жылы композиторға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілсе, 2006 жылы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» шығармасы мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Әнұранына айналды. Ал 2010 жылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Атақты сазгер 1992 жылы өмірден озған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру