ӘКІМДІККЕ 9 МЫҢҒА ЖУЫҚ ӨТІНІШ КЕЛІП ТҮСКЕН

Бұл қалада түйінді мәселенің тым көптігін көрсетеді ме?

2020 жылдың қаңтар-шілде айында Шымкент қаласы әкімдігіне 8 711 арыз-шағым келіп түскен. Келіп түскен өтініштердің 8491-не жазбаша түсіндірме берілді. Ал 950 өтініш иесенің мәселесі қанағаттандырылған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қалалық әкімдікке жолданған өтініштерің 3986-сы жер қатынастары саласына қатысты болған. Ал 839 өтініш карантин кезінде қалада жүріп тұруға рұқсат алу сипатында жазылған. Сонымен қатар 314 өтініш энергетика және коммуналдық шаруашылық, 302 өтініш баспана мәселесі, 300 өтініш әлеуметтік және жұмысқа орналастыру, 198 өтініш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, 161 өтініш құрылыс саласы бойынша, 142 өтініш білім саласы, 135 өтініш денсаулық сақтау, 2 134 өтініш басқа да мәселелер жөнінде жазылған. Есепті уақыт ішінде қала әкімдігіне екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы 78 өтініш жолданған.
Сондай-ақ, әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, оған 100 пайыз жауап берілген.
Сонымен қатар, биліктің бұқараға барынша жақын болуы мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдаған. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың толғандырған жәйт өз шешімін тапқан. Ал 2 азаматтың мәселесін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылған.
Әкім қабылдауында болған 16 азаматқа медициналық құрал жабдықтар (қоларба, ортопедиялық аяқ киім, көзілдірік), дәрі-дәрмек, ота жасатуға ақшалай көмек берілді. Бұл қайырымдылық қаланың жомарт азаматтарының арқасында жүзеге асқан. Сондай-ақ, құжаттарын рәсімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер көмегі берілген.
Қала басшысы Мұрат Әйтенов енгізілген карантиндік шараларға сәйкес азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирге шығу жолын қолға алды. Аптаның әр жұмасында өтіп жатқан онлайн қабылдауында 26 азаматтың өтінішін тыңдап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелген.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан 266 азаматты қабылдап, олардың өтініштері негізінде тиісті жұмыстар атқаруда.
Жыл басынан бергі әкімдікке жолданған өтініштердің 9 мыңға жуықтағаны қалада түйінді мәселенің тым көптігін көрсететін сияқты.