Маңызды

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАҒЫ  ҚАРЖЫ  ҰТЫЛДЫРМАЙДЫ

Кешегі аптада Ұлттық қордағы қаржы 50 миллиард теңгеге толықты. Қомақты қаржыны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жіберді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменті қорға жіберілген бұл қаржының «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның SPO-дан түскенін хабарлады.

 

Осы айдың басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы Ұлттық қорға 100 миллиард теңге жіберуге дайын екендіктерін мәлімдеген болатын. Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, оның дағдарыс кезіндегі ерекше маңыздылығын атап өткен еді.  Бұл туралы Ебласы «Қор басшылығының уақытылы қабылдаған шешімдерін оң бағалаймын және қолдаймын. Олар өздерінің тиімділігін көрсетті. Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдауға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлді. Алайда, бұл жағдайда «Самұрық-Қазына», керісінше, Ұлттық қорға 100 миллиард теңге жібереді»,- деген-тін.

«Самұрық-Қазына» Қорының басшылығы елдегі экономикалық жағдайды ескере отырып, қаражаттың бірінші бөлігін Ұлттық қорға мерзімінен бұрын жіберуді ұйғарған. Қалған соманы  яғни, 50 миллиард теңгені ағымдағы жылдың соңына дейін жіберуді жоспарлап отыр.

Соңғы кездері бірқатар азаматтар Ұлттық қордағы қаржының алдағы тағдырына қатысты өз алаңдарын ашық айта бастады. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың сәуір айында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қордағы қаржы 3-4 жылда сарқылуы мүмкін екенін айтып, Үкіметті  ондағы ресурсты барынша үнемдеуге шақырған болатын.

Халық қалаулысы  мұнай бағасының құлдырауынан Ұлттық қордың түсімдері 3,3 триллионнан 1 триллион теңгеге дейін түсетінін, ал бюджетке бағытталатын трансферт, керісінше, 2,7 триллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін артатынын айта келе, «Мұнайдың арзандауы, іскерлік белсенділікті мемлекеттен субсидиялау, бизнес үшін салық жеңілдіктерін ұлғайту бюджетті әжептәуір шығынға ұшыратады. Сырттан қарыз алу жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Ұлттық қордың активтерін осындай жылдамдықпен ала берсе, ақша небәрі 3-4 жылдың ішінде таусылып қалуы мүмкін»,  — деген-тін.

Жамаловтың жанайқайының жөні бар. Себебі, мұнай бағасының арзандауынан  «қара алтын» секторы саласы бойынша қорға түсетін қаржы көзі жыл сайын кеміп бара жатыр.

Өткен жылы қорға 4 трлн. 492,6 млрд. теңге түсім түскен. Оның 2 трлн. 859,2 миллиардын – мұнай секторы компаниялары аударған. Былтырғы түсім 2018 жылмен салыстырғанда  352 млрд. 381,9 млн. теңгеге немесе 11%-ға аз. Қорға мұнай секторынан түсетін аударым көзінің жыл сайын  азаюы 2015 жылдан бері байқалып келеді. Ал оған дейін қорға «қара алтын» секторынан аударылған қаржы жалпы түсімнің көп бөлігін құрайтын. Мысалы,  2011 жылы қорға мұнай секторынан 3 трлн 488 млрд,  2012 жылы – 3 трлн 843 млрд, 2013 жылы – 3 трлн 432 млрд, 2014 жылы – 3 трлн 504 млрд теңгеге дейін түсім алынған.

Ekonomist жобасының негізін қалаушы, белгілі экономист Қасымхан Қаппаров  «Ұлттық қор активті мемлекетке төрт жыл бойы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жетеді. Мәселе биліктің ол қаражатты қаншалықты ұтымды жұмсай алуында. Сонша шығын елді дамуға бастай ма әлде әлдебір қалталарға түсіп, шетелге ағып кете ме? Әзірге Қазақстанда ақша бар. Бірақ бізде мемлекеттік аппарат өте әлсіз, әрі тиімсіз», – деп пікір білдіруі депутат Аманжан Жамаловтың қор ақшасын барынша үнемдеу туралы дабылының жәй еместігін көрсетіп тұр.

Ағымдағы жылдың наурызында еліміздің Қаржы министрлігі қорда барлығы 61 млрд 153,5 млн доллар актив бар екенін мәлімдеген-тін.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру