«ҚАБЫЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОНАҚТАРДЫ ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛАДЫ

Түркістан қаласы тағы бір нысанмен толықты. Қала қонақтары үшін ерекше үлгіде қызмет көрсететін «Қабылдау орталығы» пайдалануға берілді. Бүгінде техникалық түрде жұмыс жасап жатқан бұл нысанды киелі кентке Жамбыл облысы тарту еткен.

 Туризм саласына жаңа серпін беру және туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында бой көтерген киелі кенттегі «Қабылдау орталығы» рухани-мәдени аумақтағы басты нысан болып табылады.

Нысанға ат шалдырған адамның назарына ең әуелі ондағы құнды жәдігерлер мен тарихи кітаптар түседі. Санаға рухани сәуле беретін дүниелерден бөлек, орталықтағы ресепшн бөлмесінде қаладағы туристік орындар, тамақтану орындары, көрікті орындар т.б арналған карта, журнал және үш тілде мәлімет беретін аудиогидтар бар. Мультимедиялық кабинетте Түркістан тарихынан сыр шертетін бейнероликтер, Қазақ хандығы интерактивті залында Кенесары ханның қылышының түпнұсқасы және басқа да жауынгерлік киімдер, Түркістан облысы аумағының тарихи жерлері көрсетілген интерактивті тақта қызмет көрсетеді.

Рухани шаһарға келген кез келген қонақ енді осы орталыққа келу арқылы тарихы тереңде жатқан қала – тұғырлы Түркістан туралы мол деректерге қанық бола алады.

Жуық арада Түркістанда «Конгресс холл» мен драма театр және т.б мәдени нысандар пайдалануға беріледі. Сол кезде онда өткізілетін түрлі шаралар мен қойылымдар үшін билеттерге қол жеткізу тап осы «Қабылдау орталығында» да мүмкін болады деп күтілуде.

«Қабылдау орталығына» келген кез келген азамат үшін тегін сымсыз интернет байланысы WI-FI бар. Мобильді азаматтар үшін бұл компьютер арқылы құжаттар рәсімдеуге таптырмас мүмкіндік екені белгілі.

Әулиетата өңірі тарту еткен нысанда коворкинг, кітапхана, 3 сувенирлік дүкен, демалу бөлмесі, автотұрақ, экспресс автобустар және рухани-мәдени аумаққа саяхат жасайтын 10 электрокар бар. Бұдан бөлек ондағы конференция залында дөңгелек үстелдер мен кештер өткізуге болады.