Маңызды

Үзілген үміт…

Ақжарқын Тұрлыбайдың алдағы өмірін айтудың өзі ауыр болып тұр

Өткен жылдың 27-желтоқсаны қазақстандықтар үшін жайсыз күн болды. Таң ала келуімен Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына қарай бет алған Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 жолаушылар ұшағы әуежайға жақын жерге құлады. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Оннан астам адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Бұл апат қазақстандықтардың қабырғасына батты.

Дәл сол күні еліміздің сыртқы істер министрлігі Қытай сотының Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырғанын ресми хабарлады. Бұл ақпаратты да қазақстандықтар өкінішпен қабылдады.
Ақжарқын Тұрлыбай шекарадан есірткіні алып өтпек болғаны үшін 2015 жылы Қытай сотында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген еді. Содан бері үш жылдан аса уақыт өтті. Жұрт Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкім өзгеріп, оған қатысты жаза жұмсарады деп қатты үміттенген болатын. Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліне жасаған сапары кезінде қаршадай қыздың мәселесін көтерген болатын. Сол кезде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесі оң жағына қарай өзгереді деген үміт еселей түскен-тін. Ақжарқынның өзі де, анасы да үлкен үміттің жетегінде жүргенін сезіну қиын емес еді. Бірақ 27-желтоқсан күні сол үкілі үміт үзілді.
Өткен жылдың аяғында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Ақжарқын Тұрлыбайдың ендігі өмірін Қазақстан түрмесінде өткізуге болатындығы туралы мәлімдеді. Осы бағытта Қазақстан мен Қытайдың арасында тиісті келісім шарт жасалған. Бас прокуратура өкілі сол келісім шарт негізінде жұмыс істейтінін жеткізді. Ол бұл мақсатта нақты қадамдарға бару үшін үкімнің заңды күшіне енгенін күту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар оған Ақжарқын Тұрлыбайдың да өз келісімі керектігін атап өтті. Яғни ол, Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанда қалған жазаны өтеуге келісіп, өтініш берсе ғана жұмыстар басталатынын айтты.

С. ИБРАГИМОВА.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру