Жұмыстан бас тартқандар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады

Жаңа жыл басталғаннан бастап Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында халықтың қарасы
қалың. Оның басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек бойынша құжаттарын өткізуге келгендер.

Ұзын-сонар кезекте тұрғандардың байыз таппай тұрғанын аңғару да қиын емес. «Құжатты бүгін-ертең тапсырып үлгермесек, мемлекет тағайындаған көмектен қағылып қалуымыз да мүмкін» деп алаңдап тұрғандары жетерлік.
Осындай толқудан соң тиісті мамандарға шүйлігіп, олардың жұмысына көңілі толмаушылықтарын жеткізіп жатқандары да кездеседі. Ал жергілікті әкімдік өкілдері болса, мұндай дүрлігу бос әурешілік екенін, құжат тапсыру реті тап бүгін не ертең емес, қаңтар айының соңына дейін жүзеге асса болғаны деп түсіндіріп отыр.
Халықтың жөнсіз толқуын болдырмау және нақты түсіндіру шаралары үшін осы аптада Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингін өткізді. Ол көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы көлемі мен атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) кімдерге тағайындалатыны туралы тарқатып берді.
Жаңа жүйе бойынша мемлекеттік жәрдемақы көпбалалы отбасыға тапқан табысына қарамастан берілетін болады. Ай сайын төленетін жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға табысталады. Жәрдемақы жанұядағы бала санына қарай есептеледі. Атап айтқанда,
— 4 балалы отбасыларға – 42500 теңгеден;
— 5 балалы отбасыларға – 53 125 теңгеден;
— 6 балалы отбасыларға – 63 750 теңгеден;
— 7 және одан да көп балалы отбасыларға – 74 375 теңгеден төлем жүргізу көзделіп отыр.
Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалады.
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын төленетін болады. Оны тағайындау тәртібі өзгермеді. Соған сәйкес, отбасының әрбір адамға шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен (21 828) аспауы тиіс. Ал атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өзгереді. Яғни, отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен төмен болса, орташа табыс пен өлшемшарттың (күнкөріс деңгейінің 70 проценті) арасындағы айырмашылық төленеді.
Берілетін көмек комиссия шешімімен тағайындалады. АӘК-ті тағайындауға комиссияның қатысуы азаматтардың өз табысын жасыру мүмкіндігін азайтады. Сондай-ақ, комиссия отбасында бала санының артуы, жұмысты жоғалтуы немесе әлеуметтік мәртебесінің өзгеруі сияқты түрлі себептерді дер кезінде анықтайды. Өз кезегінде бұл атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін көбейтуі мүмкін.
Мемлекет АӘК алуға өтініш білдірген отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне жұмыс ұсынады. Білімі жоқ, жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолданады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кезінде арнайы стипендия алады.
Ұсынылған жұмыстан бас тартпау шарты мүгедектерге қойылмайды. Сонымен қатар, оқып жүргендер жұмыс істеуге міндеттелмейді. Бұдан бөлек, 3 жасқа дейін бала күтімімен немесе мүгедек жанмен отырғандар, ересектерден I және II топтағы мүгедек, сосын күтімді қажет ететін қарт адам болса, осы күтіммен айналысып жүрген кісілерге жұмыс істеу шарты қойылмайды.
Осы топқа кірмейтін, яғни, жұмысқа қабілетті жұмыссыз азаматтардың барлығы ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартпауы тиіс. Белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартқандар мен оның отбасы мүшелері толығымен АӘК алу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылып отыр.
АӘК тағайындау бойынша учаскелік комиссиялардың жауапкершілігі күшейтіледі. Өкінішке орай, бұған дейін АӘК алушылар арасында бірнеше қабатты жеке үйлерде тұрып жатқан, бірнеше автокөлік бірлігі болған, жер учаскелері мен жеке қосалқы шаруашылықтары үлкен көлемде болған азаматтар да кездескен. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиясының жауапкершілігінде болады.
Сондықтан, заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібі бекітіледі. Сондай-ақ, учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтын болады.
АӘК-ке үміткер отбасылар санының артуы, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына әсер еткенін мойындау керек. Осыған орай заң жобасында учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыру қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, мемлекет атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын әлеуметтік кепілдендірілген пакетті беру ұсынылды. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады.
Ал, оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке бару және қайту үшін жол ақыны, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдары мемлекет есебінен берілетін болады.
Қаперіңізде болса, Шымкентте өткен жылдың 1-сәуірінен бастап 53 659 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ол барлығы 252 929 адамды қамтиды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында АӘК-ке құжаттар 5 мекен-жайда қабылданады. Олар:

1.Бәйтереков көшесі, 89. Халықты жұмыспен қамту орталығының ғимараты;
2.Бәйдібек би даңғылы, 60. Қаратау ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
3.Тыныбаев көшесі, 49. Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
4. Тәуке хан 3, Абай ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
5.Толстой көшесі, 119. Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ғимараты.