МӘМС: Түркістанда 66652 адам «шартты түрде сақтандырылмаған»

Ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің жаңа жүйесі (МӘМС) толықтай күшіне енгені белгілі. Қазіргі таңда МӘМС жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі Түркістан облысы бойынша 91,6%-ды құрайды. Ал қалған 8,4%-ы немесе 66652 адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі. Бұл бағытта тиісті жұмыстарды жандандыру қолға алынған.

Ал облыстағы медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесі бойынша азаматтарға медициналық қызмет көрсетуге дайындығы қай деңгейде?
Осы мақсатта жуырда облысқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы құрылған штаб мүшелері келіп, бірқатар медициналық мекемелерді аралап, ондағы қызмет көрсету сапасын тексерді. Нәтижесінде штаб мүшелері облыстағы медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесіне дайындығы жоғары деңгейде деген тұжырымға келген. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Министрліктің стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Айнұр Айтаханова бастаған бір топ азаматтар алдымен облыстық клиникалық ауруханаға бет алған. Штаб өкілдері облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін жетекші медициналық орталықтағы емхананың жұмысымен, қабылдау бөліміндегі ТРИАЖ жүйесімен, оңалту бөлімінде инсульттан кейін ем қабылдап жатқан науқастардың жай-күйімен танысты. Емханада халықтың ыңғайлылығы үшін МӘМС-ке жарна төлеу үшін арнайы терминалдар жұмыс істеп тұрғанын да айта кетейік.
Бұдан соң жұмыс тобы облыстық №1-ші перинаталдық орталықтың жаңа жүйе бойынша жұмыс жүргізудегі ретімен танысты. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына да барды. Аталған аурухана 512 төсек орынға есептелген. Нысан 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен. Науқастарды қабылдау бөліміндегі ТРИАЖ жүйесі де барлық талапқа сай. Таяуда ғана ашылған жарақат бекеті тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Заманауи үлгідегі компьютерлік -томография да ауыл тұрғындарына диагностика тұрғысында үлкен көмегін тигізіп келеді. МӘМС жүйесіне сақадай-сай дайындығы онымен қоса арнайы ақпараттандыру бұрышында қызмет көрсетіп отырған қызметкерлерінің барлық сұрақтар бойынша кеңес беріп, көмек беруімен дәлелденді. Жұмысшы топ құрамы мұнан кейін Төлеби аудандық аурухана мен МӘМС қорымен келісім шартқа отырған жекеменшік медициналық ұйымдардың жұмыстарымен танысты.
Бүгінде облыс бойынша 114 денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Түркістан облысының «МСҚ» КЕАҚ филиалы 2019 жылға 73 өнім берушімен шарт жасасқан. Оның ішінде мемлекеттік — 40 (51,3%), жеке — 33 (48,7%) ұйым бар.