Маңызды

МӘСЛИХАТ МӘЛІМЕТ БЕРУДЕН НЕГЕ ЖАЛТАРАДЫ?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Сайлаушылары Шымкентте қалған депутаттар Түркістан облысының мәслихатында қашанғы отырады?» деген тақырыпта мақала жарияланған. Онда «Шымкенттегі тұрғындардың мүддесін қорғаймыз деп, мандатқа ие болған Дулат Әбіш, Дәурен Ахметов, Өмірзақ Мелдеханов, Абай Көмекбаев, Қайрат Сүлейменов, Руслан Омаров және Әсет Қайыпбековтың Түркістан облысы мәслихатының депутаты болып жүруі қоғамға не береді?
Олардың сайлаушылары басқа аймақта, ал өздерінің өзге өңірде депутат болып жүруі қаншалықты қисынды?» деген сауалдар талқыланған. Шымкент қалалық мәслихатының кейбір өкілдері бұл мәселені ақылдарына сыйдыра алмайтынын ашық меңзесе, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы сайлаушылары Шымкентте қалып қойған 7 депутаттың тұрғындардың мүддесін тиісті орынға депутаттық сауал жолдау арқылы қорғай алатынын мәлімдеген. Дәл осындай сарындағы жауапты сайлаушылары Шымкентте, бірақ өздері Түркістан облысының депутаты болып жүрген сол азаматтардың кейбірі де нығарлап айтқан болатын.
Осыған орай біз, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтың атына «Сайлаушылары Шымкентте қалған Түркістан облысы мәслихатының жоғарыда аттары аталып, түстері түстелген жеті депутатының Шымкент қаласы әкімдігіне 2018 жылдың маусым айынан бастап, бүгінге дейін қанша рет депутаттық сауал жолдағаны туралы мәліметтер беруін сұрағанбыз.
Алайда Шымкент қалалық мәслихаты біз сұратқан мәліметтерді беруге мүмкіндіктері жоқ екенін айтып, қысқа қайырған. Мұны әлгі азаматтардың барлығы Түркістан облысы мәслихатының депутаттары болып табылатындығымен байланыстырған. Және бұл хатқа Ғани Ташқараевтың (суретте) өзі емес, қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Х. Сәрсенов жауап берген екен. Осы ретте бастықтың міндетін атқарушы дегенді бұрын соңды жиі еститін едік. Ал мәслихат хатшысының міндетін атқарушы деген тіркеспен бірінші рет бетпе-бет келіп отырғанымызды да айта кетейік. Осылайша біз жолдаған хатымызға тұщымды жауап ала алмай қынжылып, мәслихат хатшысының міндетін атқарушы дегенді біраз түсіне алмай тосылып қалдық.
Билік қалың бұқараның алдында барынша ашық диалог орнатуды жолға қоюы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауының негізгі түйіні осы-тын. Алайда билік бишігін ұстаған кейбір азаматтар бұл талапты орындауға асығар емес. Оған біз жоғарыда баян еткен мәселе жарқын мысал.
Халық көкейінде көлкіген кейбір сұрақтарды жергілікті жердегі басшылардың алдына көлденең тартқанда олардың оған ашық әрі нақты жауап бермей, деректерді дәл осылай бүкпелеуінің себебі неде? Мұны немен байланыстыруға болады? Кәсібиліктің төмендігімен бе әлде атқарылмаған істі ашып айта алмайтын дәрменсіздікпен бе?

А. САТЫБАЛДЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру