«ЦИТАДЕЛЬ» ТАРТЫМДЫ ТУРИСТІК НЫСАН БОЛУЫ КЕРЕК

2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болатыны белгілі. Осыған орай үшінші мегаполиске жан-жақтан қонақтар келетіні анық. Межеленген мерзімде қаладағы «Цитадель» жобасы тартымды туристік нысан болуы тиіс.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шымкентке келген сапары кезінде өңір басшысына осындай тапсырма берді. Үкімет басшысы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шымкент қалашығын» реставрациялау және оны ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жөніндегі «Цитадель» жобасы алаңын аралап болған соң «Зерде Керамика» керамогранит өндіру зауытына бет алды. Аталған өндіріс орнының өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды шетелдерде сұранысқа ие. Содан соң Асқар Ұзақбайұлы өңірдің тоқыма саласын жандандыру жоспарларымен танысты.
Үшінші қалада 2019 жылдың 8 айында өнеркәсіптік саласындағы өнім өндірісінің көлемі 359,6 млрд. теңгені құраған. Өңдеу өнеркәсібі өндірісі 17,8%-ға, оның ішінде химия өнімдері өндірісі 21%-ға, металлургия – 25,9%-ға, мұнай өнімдері өндірісі 31,5%-ға өскен.

С. НҰРАЙ.