Маңызды

СКЛЯР СЕРТІНДЕ ТҰРА МА?

Аптаның дүйсенбісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын жариялады. Онда ол Үкімет пен Парламентке әлеумет ахуалының артуына зор серпін беретін тапсырмалар берді.
Егер олар іске асса Қасым-Жомарт Кемелұлының президент ретіндегі алғашқы Жолдауы ел тарихында талай өркенді тірліктің өріс алуына негіз қалаған қуатты құжат болып қалары анық. Ал тиісті органдар Жолдауда жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда түрлі жағдайларды желеу етіп орындай алмаса оның саяси салмағы өз маңызын жоғалтары сөзсіз.
Жолдауда халыққа жаққан жақсы жаңалық көп болды. Соның бірі қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиетін, кейбірі үшін қол жеткізу тіптен мүмкін емес әуе билеттері бағасын арзандату еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда әуе билеттерінің қымбат екенін сын тезіне ала отырып, «…Сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?» деп, тиісті ведомства басшылығына жағдайды назарға алуды шегелеген-тін.
Осыған орай жуырда отандық БАҚ өкілдері жолаушылар тасымалына тікелей жауапты ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму минстрі Роман Склярдан осы мәселеге қатысты пікірін сұраған болатын. Ведоства басшысының берген жауабы көңіл тоғайтпады. Неге? Ендеше назар салыңыз…
«Адамдар арзан бағада ұшу үшін сапарын алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алғаны жөн.
Сол кезде билет бағасы арзанға түседі. Ал біз сапар алдында бірнеше күн бұрын ғана билетті сатып алатын болсақ, онда әлбетте құны қымбаттырақ болады».
Осылай деген министр қайткен күнде де бұл мәселені реттейміз деп серт берді. Және де рейстердің санын көбейту әуе билеттері бағасын төмендетудің ең басты тетігі деп көрсетті. Сондай-ақ ол, осы бағытта тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын да жеткізді.
Бірақ оның қашан нақты нәтиже беретінін ашып айтпады.
Әуе билетінің аспандаған бағасы туралы мәселе осыдан тұп-тура бір жыл бұрын да көтерілген-тін. Ол кезде Мәжіліс депутаттары бұл тенденция сақтала беретін болса, туризмнің дамуына зор кедергі келтіруі мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезде мәселеге жауапты мамандар депутаттардың дабылына тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, келер жылы оңтайлы нәтиже байқалатынын айтып сендіргендей болған. Бірақ…
Оң өзгеріс айтарлықтай байқалса, Қасым-Жомарт Тоқаев бұлай мәселені көлденең тартпайтын еді. Ең бастысы бұл проблема «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» керін кимесе болғаны…

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру