Маңызды

АРЫС: ШЫМКЕНТ ШТАБЫНДА ШИКІЛІК ЖОҚ

Шымкенттің жаңадан тағайындалған әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жұмыс сапарын қаланың орталығына шалғай жатқан шағын аудандарға барып, ондағы инфрақұрылым жұмыстарымен танысқан болатын. Мегаполис басшысы одан кейінгі кезекті сапарын апаттан соң қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Арыс қаласына арнады.

Ең әуелі ол қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп жүргізіліп жатқан шағын қаладағы Шымкент штабының жұмысымен танысты.
Атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көру үшін 10-секторды аралады. Оннан астам мердігер мекемелер мен 600-ден астам маман жұмылдырылған Шымкент секторында барлығы 652 тұрғын үй бар. Оның 604-і жөндеу жұмыстарын талап етсе, отыздан астамы қайта салынуды қажет етеді. Қайта салынатын үйлер алдағы екі ай ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Ағымды және күрделі жөндеуден өтетін жүздеген үйлерді ретке келтіру үшін жұмысшылар үш ауысыммен жұмыс істеуде.
Осыдан бір жеті бұрын Шымкент өңіріне тиесілі 10-секторда барлығы 161 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, штаб басшысы Б. Мамыталиев бүгінде олардың саны 225-ке жеткенін мәлімдеуде. Тәулік бойы жүріп жатқан тынымсыз тірліктің арқасында бұл бағыттағы жұмыстарды тамыздың орта шеніне дейін аяқтау жоспарлануда.
Сапар барысында құрылыстың басы-қасында жүрген жауапты мамандарға қала әкімі Ерлан Айтаханов шағын қаланы қалпына келтіру мемлекет басшысының назарында екенін, сондықтан да жұмысты тиянақты, тыңғылықты, ең бастысы, сапалы етіп жүргізуді тапсырды.
Ал жергілікті тұрғындар болса, 10-сектордағы жұмысшылардың тірлігінде шикілік жоқ екенін айтып, оң бағасын берді.

М. Әбдірайым.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру