Күнгейліктер табысын жасырып жәрдемақы алғандар арасында көш бастап тұр

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап көп балалы,
әлеуметтік жағдайы төмен, отбасы мүшелерінің жалақысы 42 мың теңгеден аспайтын жанұядағы әр бала үшін 21 мың теңге жәрдемақы тағайындалған осыған орай тиісті құжаттарды реттеу кезінде елде біраз шу орын алғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Себебі, билік жәрдемақыға шын мұқтаждардың есебін шығару үшін өтінім берген отбасының барлық табысын тізіп шыққан болатын. Бірақ арада бірнеше ай өткенде осындай есеп жүргізу кезінде ауқатты отбасылардың түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, табыстарын жасырып, өздерін талғажау болар тамақты әрең тауып жүргендердің қатарына қосып, жәрдемақы алғаны анықталды.

Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифинг кезінде еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мәлімдеді. Өз кезегінде ол атаулы әлеуметтік көмек беріледі дегенді естігеннен бастап, бақуатты отбасылардың да бұдан құр қалмауға талпынғанын, сөйтіп, шын табыстарын жасырып, тіпті жалған ажырасып үлгергенін жеткізді. Және де ол осындай әрекеттерге барғандарды анықтау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен аймақтарды аралайтын топ құрылып, олар зәулім үйі мен жол талғамайтын қымбат автокөліктері барларды суретке түсіріп, өтіріктерін бетіне басқанын алға тартты.
Енді атаулы әлеуметтік көмекті алу кезінде заңды бұзып, шындықты бүкпелеген шырақтарың мемлекеттен алған ақшаларын қайтарып беруге міндеттелуде. Егер алаяқтық жолмен мемлекеттен алған қаржыны қайтармайтын болса, олардың ісі сотта қаралмақ.
Сәуір айынан беріле бастаған атаулы әлеуметтік көмек 1,5 млн. адам саны бар 240 мың отбасыға тағайын-далған болатын. Қазіргі таңда олардың 2 мыңға жуығының «бармақ басты көз қыстыға» барып, жәрдемақы алғаны әшкереленіп отыр.
Осы деректерді мәлімдеген Гүлшара Әбдіхалықова қитұрқылық қадамға барғандардың арасында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы азаматтарының саны басым болып тұрғанын жайып салды.

А.САТЫБАЛДЫ.