ӘКІМ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ЖҮР?

Кіндік қаның тамып, кір жуған жеріңнің
құлпырып, уақыт өткен сайын заман легіне
сай алға жылжып, дами түскенін кім құп
көрмейді десеңші.

Ен байлыққа толы Қазақстан жерінің кез келген ауыл аймағы өркениеттің көшінен қалмай, ілгерілей түсуіне әбден лайықты. Бұл жолда жоба-жоспардың болуы аздық етеді. Оны орнымен орындауда, қолынан іс келетін азаматтың болуы маңызды. Яғни, туған өлкенің түлей түсуі көп жағдайда сол жердің әкіміне тікелей байланысты. Қазақта «басшысын таппаған ел азады» деген сөз бар. Расымен өлкені өрге бастырады деген басшың іскерлік қасиеттен ада болса, ондағы халықтың да ахуалы әп-сәтте алаңдарлық жағдайға түсері анық қой. Сондықтан да ынтымағы ұйысқан, бірлігі жарасқан жерде ауылдағы ағайынға сөзін жүргізе алатын, айтары бар азаматтары мен ақсақалдары туған жерлеріне тағайындалған әкімдердің әр қадамына баға беріп, қажет болса кеңесін айтып, жөн сілтеп жүруді жөн көреді. Себебі «жалғыздың үні шықпайтынын» ол кісілер жақсы түсінеді. «Көп түкірсе – көл» болатынын анық біледі.
Кезінде Мырғалымсай, Ащысайымен атағы алысқа жеткен, қайнаған еңбектің ордасы болған Кентау қаласының халқы да әкімнің әр жұмысына баға беріп, пікір білдіруді сол арқылы болған іске ризалық айтып, толмаған тірлікке базынасын жеткізе жүруді азаматтық міндеті деп санайды.
Мәселен, осы жылдың сәуір айында қаламыздың әкімі жаңарғаны баршаға аян. Кентау жұрты жаңадан келген кадрдың Кентау жерінің тумасы екенін біліп, бірден іші жылы тартқанын жасырмаймыз. «Жас келсе іске» демекші, Кентау қаласының әкімі болған Дәурен Мақажанов нағыз жұмыс істейтін дер шағындағы жаста екен. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Кентау қаласын басқаруда бұл кадрға таңдау жасауы жай қабылдана салған шешім емес, әбден електен өтіп, екшелген қадам болғанына көңіліміз сенді. «Өз балаң өзекке тепсе де кетпейді» демекші, ешкімге де, ешжерге де алаңдамай туған жерді түлету үшін бұл азамат білегін сыбанып, барын салып еңбек етер деп зор үміт арттық. Тағайындалғанына үш айдан енді асқан әкімнің сол үмітті ақтарына біз зор сенімдеміз. Көңілімде сондай сенімнің орнауына Дәурен мырза сөзбен емес, нақты іспен ықпал ете алды. Жуырда өзім
бетпе-бет келген мына жағдай осындай ойларымды ортаға салуыма арқау болды.
Әдеттегі жұмыс күні болатын. Жазғы демалыс болғандықтан қазір балабақшамызда жұмысына асығып-аптыққан ата-аналардың сапырылысы жоқ. Байыпты жұмыстар жүріп жатқан кәдуілгі күннің бірінде бақшамызға Кентаудың әкімі болғанына көп бола қоймаған Дәурен Мақажанов сау етіп кіріп келмесі бар ма?
Жөпелдемеде не дерімізді білмей қалдық. Әдетте әкімдер қандай да бір мекемелерге баратын болса, бұл жоспарын біраз уақыт алдын қарамағындағыларға хабарлап, сауын айтатыны жасырын емес қой. Одан соң онысын қол астындағылары сол мекемедегілерге жеткізіп, ол жақ әбігерге түсіп, дайындалып, «жақсы жақтарын асырып, кемшіліктерін жасырып» жататыны құпия емес шығар. Қаламыздың әкімі мұндай «дайындықты» суқаны сүймейтіндердің қатарынан екенін көрсетіп, жанына ешкімді де ертпей, жалғыз-жарым мекемелер мен нысандарды аралауға кіріскен екен.
Біз алғашында әлденені бүлдіргіндей бәйек болып қалдық. Бірақ «бүлінген дәнеңе жоқ», артық кетіп, кем соққан тұсымыз жоқ, неге тыпырлаймыз?» деп, бірден бойымды жиып, оған бақшаны аралатып, таныстырдым. Балаларға жасалған жағдайларды, ол үшін алынған жабдықтарды көрсеттім. «Ауру астан» екені әлімсақтан белгілі ғой. Осыған назар салған Дәурен Мақажанов асханадағы жағдайды көзбен көріп, ондағы тағамдардың құнарлы болуын, санитарлық талаптардың әрдайым сақталуын назардан шығармауды шегелеп тапсырды. Сонымен қатар ол, кабинетте отырып, қызметкерлердің айтқан ақпары мен берген есебімен қаланың жай-күйімен танысу аздық ететінін, мұндағы тіршілікті боямасыз көру үшін жанына ешкімді ала жүрмей, осылай жалғыз өзі «жорыққа» шыққанын айтып ұжымды бір күлдіртіп алды.
Жас болса да өмір мектебінде талай жауапкершілігі зор жұмыстарды атқарған оның бұл ісі «Ақылды адам жай-жай келеді, жан-жағын байқай келеді» дегенді еске түсірді.
Сөз басында «басшысын таппаған ел азады» деген сөзді айта өттік. Егер әкімдеріміз осылай халықтан қашпай, керісінше көптің ортасынан табылып, қолынан келер ісін аямаса жұрт мұндай қасіреттен ада болары анық. Бойында осындай қасиеттің барын анық байқатқан Дәурендей азаматтың алдағы жұмысына тек сәттілік тілейміз.

Ербол ҚАРНАҚБАЕВ,
«Армантай» балабақшасының
құрылтайшысы.