Қазақтың салт-дәстүріндегі қағидалар діни ұстанымға қайшы ма?

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез құлықтың үлгісі.
Салт-дәстүр кез келген ұлт үшін өмір сүру қағидасы. Кез-келген ұлттың мың жылдықтан бері қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрі болады. Тарих беттерін парақтар болсақ басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық дәстүрінен, тілінен, дінінен айыруға тырысқанын байқаймыз. Ал оның орнына өз елінің өмір сүру қағидасын тықпалаған. Ал мұндай ұлттың болашағы әманда болмаған. Сол себепті қазақ халқында «дәстүріңді баққаның, үмітіңді жаққаның»,- деп бекер айтпаса керекті.
Қазақ халқының ислам дінімен жіті таныс болып, біте қайнасқанына XII ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері халқымыздың салт-санасы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Халқымыз ұстанған әдет-ғұрыптар ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастау алар бұлағының бірі болып саналады. Себебі Қасиетті Құранда «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,- деп бұйырған. Сондай-ақ «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман»,- деп ескертеді.
Ал енді соңғы жылдары айтыс-тартысқа түсіп жатқан қазақтың салт-дәстүрлерінің бірнешеуіне тоқтала кетсек.
1. Жаңа түскен келіннің үйдің үлкендеріне сәлем салуы.
2. Үлкендерден қол жайып бата сұрап, бет сипау.
Кейбір дінде жүрген азаматтар осы аталған салт-дәстүрімізді теріске шығарып, мұның барлығы ширк, фитнә, бидғат деп ғасырлар бойына қалыптасқан дүниетанымымызға балта шабуда. Жаңа түскен келін сәлем салса адам адамға емес, адам Алланың алдын иіліп сәлем салуы керек деп мұндай амалды ширкке таңуда. Ал сонда бұрыңғы апа-әжелеріміз Құдайға қарсы шыққан болдыма? Өздерінің айтуынша келіннің сәлем салуы әйел адамның намаз оқығандағы рукуғ жағдайымен бірдей болады-мыс. Ал енді осы ислам дініндегі құлшылық ету мен қазақтың дәстүріндегі келіннің сәлем салуында нендей айырмашылық бар? Осыған тоқталсақ:
Ислам дініндегі намаздың ішіндегі рукуғ етудің мынадай шарттары бар:
1. Еңкею 90 градус болуы шарт,
2. Екі қол еңкейгенде тізеде болу керек,
3. Және рукуғ еткенде «субхана роббиәл ъазим» деген дұға оқылады.
Осы жоғарыда келтірілген шарттар орындалмаса ол рукуғ болып есептелмейді.
Ал енді қазақ халқының сәлем салу дәстүрін сипаттап көрелік. Еңкею 90 градус болсын деген шарт жоқ. Екі қолдың да тізеде болуы шарт емес. Сонымен қатар сәлем салар уақытта белгілі бір дұғаның оқылуы да міндетті емес. Демек сәлем салу мен намаздағы еңкею бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
Әр елдің салты басқа демекші сәлем салудыңда әр ұлтқа тиесілі өзіндік формасы болады. Мәселен қазақ-қырғыз халықтарында жаңа түскен келін ата-енесінің болсын, үйдің үлкендерінің болсын қолын қысып амандаспаған. Оның орнына өзінің құрметі ретінде жай иіліп қана сәлем берген. Ал көрші өзбек халқында «Ассалаумағалейкум» деп оң қолын кеудесіне қойып сәлем береді. Бірақ барлығының ойында Аллаға қарсы шықсам деген оймен емес, керісінше ата-енеме құрмет көрсетіп, үлкеннің ақ батасын алсам деген оймен сәлем салып, иіледі. Ал, ислам шариғатына сүйенер болсақ ешқандай жерде иіліп сәлем беру күнә, ширк, бидғат деп айтылмаған. Керісінше әдептілік, көркем мінез құлық жайында айтылған Құран аяттарымен хадис-шәрифтерге байланып тұрады.
Бүгінгі таңда өзін сәләфимін деп атап жүрген азаматтардың ойынша дінге енгізілген жаңалықтың бірі – марқұмның атынан құран бағыштау. Өздерінің айтуынша Құран өлілерге емес, тірілерге түскен. Расыменде Құран тірілерге түскен, өлілерге арнап құран бағыштау бар. Осыны желеу еткендер тіпті қайтқан әке-шешесіненде теріс айналуда. Ақиқатында марқұмның атынан құран бағыштауға болама? Алланың Елшісі (с.а.с.) хабар беріп, аруақтарды еске алып Құран бағыштауға үндеген. Хадисте: «Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар», — деп келеді. Қазақ осындай дәйекті дәлелдерге сүйене отырып, Пайғамбар өсиетін дәстүрге сіңіре білген. Себебі, ас ішіп болған соң үйдің үлкені Құранның тіліне жеңіл келетін сүресін оқып әуелі ішкен асына шүкіршілік етсе, соңынан о дүниелік болған ата-бабасының рухына арнап құран бағыштаған. Оқылған құранның сауабы қабірде жатқан марқұмның азабын жеңілдететіндігі көптеген хадистерде айтылған. Жақыны қайтқан әр қазақтың үйіне бара қалсаң, қайтқан туыстарын тек жақсылықпен ғана еске алып отырады. Ал бұл Алла Елшісінің «өлгендеріңді жақсылықпен еске алыңдар» деген насихатын өз дәстүріне сіңіре білгендігінің көрінісі іспетті. Қазақ халқы дінге әсте жаңалық енгізіп қарсы шықпаған.
Өздерінің шейхы санайтын Ибн Тәймияда өзінің еңбегінде «құран бағыштаудың шариғатқа қарсы келмейтіндігін жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді», деп Құран аяты мен хадис-шәрифтерді теріске шығармаған.
Бұл аталған екі мәселе қазақтың өмір сүру заңдылығында темір қазықша орныққан ұстанымдардың бір парасы ғана. Қазақтың салт-дәстүрінің түбіне бойлай енсек түбі Құран аяты мен хадиске келіп тоқтайтынымыз анық. Ал біз саналы түрде осы жауһарларымызды теріске шығарып, ажырап қалмауымыз қажет.

Қуаныш Қосмаханов,
Түркістан облысы Дін істері
басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің
теолог маманы.