Маңызды

ОБЛЫС ӘКІМІ АРЫСТА БІР АЙ ТҰРАДЫ

Кеше таңертеңгі сағат 08.00-ден бастап Арыс қаласына тұрғындар кіргізіле бастады. 24-маусымда толықтай эвакуацияланып, қатарынан төрт күн Шымкент пен облыстың өзге, аудан қалаларын уақытша паналаған тұрғындарды жергілікті билік алдын ала ұйымдастырылған түрде автобус колонналарымен туған жерге жеткізді.
Арысқа оралған тұрғындарды үйлеріне жайғастыру кезінде арнайы бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасады. Бұл шығындарды есептеуге көмек бермек. Сонымен қатар тұрғындарды жайғастыру барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер халыққа үздіксіз қызмет көрсететін болады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауылына оралған тұрғындардың жағдайымен жеке танысып, барлық сақтық шараларын, атап айтқанда, үйде қалып кеткен тамақтарды тұтынбау, шатырларды, баспанадағы бөлмелерді жіті тексеру, қандай да бір оқ-дәрілердің фрагменттерін байқаса қолмен ұстамау және тағы басқа сақтық шараларына қырағы болуды түсіндірді. Арысқа оралған адамдардың барлығына осы және өзге де сақтық шаралары жазылған жадынамалар таратылды. Бұдан бөлек аймақ басшысы бүлінген ғимарат, қираған үйлердің барлығы қалпына келетініне уәде беріп, тек тұрғындарды сабырлы болуға шақырды.
Апаттан зардап шеккен халыққа Қазақстанның өзге облыстарынан қажетті 150 тонна зат жиналған. Шымкент пен Түркістандағы өзге де аудан, қалаларда қоймалардағы сол гуманитарлық көмектер 27-маусымнан бастап Арыс қаласына тасымалданып жатқанын айта кетейік.
Ресми дерек көздерінде Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталғаны айтылуда. Аймақ басшысы тұрғындар өміріне еш қауіп жоқтығын айтуда. Сондай-ақ, кеше ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын хабарлады.
Айта кетейік, тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторларға облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан — 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға қаладағы көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады.
Өмірзақ Шөкеев журналистерге Арыста бір ай тұратынын, қала қалпына келтірілгенше аймақты сол жерде басқаратынын айтты.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру