ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА ДА ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК

«Үй болған соң ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды» деген. Бұл қазақ халқының санасына сіңіп қалған тәмсіл. Қазіргі таңда көптеген әйелдер осы нақылға сүйеніп, жолдасының кейігеніне көніп, намысын таптағанына төзіп, жуан жұдырығын ала жүгіргеніне көз жұмып жүре беретіні жасырын емес.
Дәл сондай тұрмыстағы кикілжіңнен әбден қажып, шыдамдары шегіне жеткен біраз келіншектер, жұрттан араша сұрайын десе де «ерлі зайыптының арасындағы ерегісті айтып, күлкіге қалмаймын» деп, дымын ішіне жасырып жүре беретіні шындық.
Ағайын-туыстан ұят деп, өзін бұлай құрбан ету үлкен қателік. Осындай келеңсіздіктен шығар жол табу үшін Шымкенттегі Қаратау ауданында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республикациялық акциясы өткізілді. Шараның басты мақсаты – отбасында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың орын алуына жол бермеу, қоғамда отбасының рөлін нығайту болып табылады.
Акция аясында Шымкент қаласы, Қаратау АПБ қызметкерлері, аудан прокуратурасының аға прокуроры Б. Тұяқбаев, қала әкімінің жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Самғау-сенім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы А. Сарыбаева, қаланың салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психологы Г. Мамбетова, «Сана сезім» үкіметтік емес ұйымының маманы С. Сағынбектер және тағы басқа мамандар көпшілік шоғырланған орталарға барып зорлық-зомбылық жасауға бейім азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізді. Отбасын сақтау және оның құндылықтарын арттыру жөнінде келелі кеңестер айтты. Халықтың отбасылық мәдениетін көтеріп, құқықтық сауатын көтеру бағытындағы тұжырымдармен бөлісті.
Сонымен қатар олар, отбасында орын алатын жанжалдардың ушығып, оның әрі қарай келеңсіз жағдайларға жалғасып кетпеуін алдын алу үшін тәулік бойына өңірлерде сенім телефондары мен қауырт желі жұмыс істейтінін құлағдар етті. Түрлі жағдайлармен жалғыз-жарым қалғандар үшін дағдарыс орталықтарының жұмыс істейтіндігі де мәлім етілді. Зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда кімге және қайда хабарласу керектігі төңірегінде тарқатылған мәліметтер жазылған парақшалар ұсынды.