ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫ ТӨЛЕМ ЖАСАУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАШАН КӨШЕДІ?

Жыл аяғына дейін Шымкенттегі қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі енгізілмек. Соның негізінде тұрғындар жол ақысын қазіргідей қолма қол емес, электронды карта арқылы төлейтін болады. Бұл үшін автобустарда тиісті төлем жүргізуге мүмкіндік беретін аппараттар орнатылмақ. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімдігі Алматы қаласындағы «Оңай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізуде.
Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынғалы жатқан мұндай жүйенің берер пайдасы қандай? Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы инстаграм парақшасында қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін ендіру қызмет сапасын көтеріп, тасымалдаушы компаниялардың табыстарының ашықтығын қамтамасыз ететінін алға тартады. Сонымен қатар ол, электронды төлем жүйесіне жаппай көшу қоғамдық көліктердің салонында тіркелетін ұрлықтардың алдын алатынын да айтады.