Қамданған қапы қалмайды

Созақ ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайыбек Мейірманов бастаған арнайы топ Созақ, Сызған ауылдары әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікпен айналысатын шаруалармен, белсенді ауыл тұрғындарымен егістік басында кездесу, жиындарын өткізіп қайтты.

Осы жиындарда көпшілік көкейінде жүрген мәселелер талқыланды. Аталған жиындарда айтылған ұсыныс пікірлерге сай ауыл шаруашылығында шаруаларға қарастырылған жеңілдіктер, жер қатынастары және кәсіпкерлік саласындағы түйіткілді мәселелер, жерді тиімді пайдалану, көктемгі егіске дайындық, суды дұрыс пайдалану бағыты бойынша түсіндірілді. Арнайы топта аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Әліпбай, аудандық «Сушар» мемлекетік мекемесінің басшысы Қайрат Тастыбаев, Созақ, Сызған ауылдарының әкімдері Серік Маманов, Батыржан Аяпов, тиісті сала мамандары және БАҚ өкілдері болды. Ауылдардағы егістік жерлерді аралау кезінде ауыл тұрғындарының ауыл маңайындағы жайылымдарға кезекке шығатын малдардың шаруа қожалықтарының тиемелді жерімен басып өтуіне қатысты жол мәселесі, егістіктерді суаратын ағынды суларды тиімді пайдалану, егістік мақсатқа деп алынған жерлердің игерілмей, пайдаланылмай бос жатуына қатысты қолданылатын шаралар туралы алдын ала шаруаларға түсіндірілді. Ондағы мақсат жерді игермедің деп қорқытып-үркіту емес, керісінше шаруалардың егіс егемін деген мақсатта алынған жерлерді өз мақсатына пайдалана отырып, шаруалардың мемлекет тарапынан берілетін тиісті жеңілдіктерді алуларына, ағын судың мөлшерін анықтап, егістік жерлерін игере алатындай, әрбір шаруа қожалығына бөлінген судың шама-шарқына қарай жер жыртып, егін салу керектігін арнайы топ мүшелері кеңінен түсіндіріп қайтты. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер учаскелері туралы аздап мәлімет келтіре кетсек, аудандық прокуратураның ұсынысына сәйкес және жер қатынастары бөлімінің 2018 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 96 шаруа қожалықтардың 24759 га жер учаскесі мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталды. Осы анықталған жер учаскелерінің ішінен аудан әкімінің қаулылары мен шешімдерінің күшін жойып, келісім-шартты біржақты бұзу арқылы ауданның арнайы жер қорына 36 агроқұрылымның 7396 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі қайтарылды. Әр ауылдық округ әкімдерімен расталған акт негізінде, 31 агроқұрылым 12990 га жер учаскесін қайта игеруге кірісті. Қалған 29 агроқұрылымның мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 4373 га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, аудандық жер қатынастары бөлімінде жер инспекциясы ашылып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдаланылуына жыл сайын мониторинг жүргізілетіндігін, салық мөлшерінің 10 есеге арттыру жұмыстары жүргізілетіндігін және қатарынан екі жыл пайдаланылмаған жағдайда жер учаскесі мемлекетке қайтарылатындығы жөнінде жиынға қатысқан шаруаларға ескертілді.
Сондай-ақ тау бөктерлеріндегі су қоймаларынан егіс басына дейін су жүретін каналдардың тозығы жетуіне байланысты жаңадан лоток арықтар жүргізу керектігін шаруалар тиісті сала басшыларының назарына салды.

Мақсат Қарғабай.