ТҮРКІСТАННЫҢ ТӨЛТАҢБАСЫ НАҚТЫЛАНАДЫ


Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Түркістан облысы әкімдігінің жаңа логотипін жасау, сол арқылы облыстың брендін қалыптастырып, оны Қазақстан мен шетелге таныту және ғаламтор желісінде аймақтың өзіне тән оң имиджін көтеру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан облысының төлтаңбасы» байқауы жарияланды.

Осыған сәйкес Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында байқаудың мазмұны мен ережелері таныстырылды. Онда аталмыш конкурсқа дизайнерлер, суретшілер және кез келген ынталы әлеуметтік желі қолданушыларының қатыса алатындығы жазылады. Өз кезегінде байқауға қатысушылар Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысының төлтаңбасына қатысты өзінің авторлық жұмысын JPEG форматында бейнелеп, оның мән-мазмұнын қысқаша түсіндіріп (видео нұсқа да құпталады) пост жазып, оны #Түркістаноблысыныңтөлтаңбасы хэштегімен бөлісуі тиіс. Бұдан бөлек, жарияланған посттардың скриншоттарын (лайк, пікірлері, репост толық көрінуі тиіс) арнайы файл папкасына жинақтап, авторлық төлтаңба жобасын компьютерлік кескіндеме (3D) немесе JPEG форматында ontustikonimi@yandex.kz электронды поштасына жолдауы қажет. Сондай-ақ оны 2018 жылдың 20-желтоқсанына дейін Түркістан облысының ішкі саясат басқармасына тапсырулары керек.
Байқауға 2018 жылдың 14 қарашасы мен 20 желтоқсаны аралығында жарияланған материалдар қабылданады. Тапсырылған еңбектердің ішінен «жүзден жүйрік» шыққандарды іріктеу мен анықтау білікті суретшілер мен дизайнерлерден, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйым мүшелерінен құралған арнайы комиссия жүргізетін болады.
Ұйымдастырушылар байқауға қатысушылардың логотип дайындаудағы жұмысында облыстың өткені мен бүгіні, өзіндік ерекшелігі көрініс табуы қажеттігін, қазақ халқының ұлттық болмысына тән элементтер болуын және мұның барлығы дизайнерлік шеберлікпен үйлесуі тиістігін алға тартуда.
Келешекте Түркістан облысының туризмін дамытуда және инвестиция тартуда да маңызды міндет атқаратын тартымды логотипті таңдау үшін ұйымдастырылған бұл байқаудың қорытындысы жыл аяғында белгілі болмақ. Ұйымдастырушылар жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етілетінін мәлімдеуде.

«Уақыт».