Сайрагүлдің тағдыры – бар қазақтың тағдыры

Cот Сайрагүл Сауытбайды 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырды. Ол жаза мерзімін отбасы тұрып жатқан Бәйдібек ауылында өтейді. Ең бастысы – Сайрагүл Қазақстанда қалатын болды.

Әлбетте, біз де қуандық. Алдымен, қазақ баласының қапастан шыққанына, сосын, ана мен баланың қуанып қауышқанына…
Тіпті, Сайрагүл Сауытбай ісінің әділ де оңтайлы шешім табуына БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың ықпал еткендігіне де мейірлендік…
Керек десеңіз, Сайрагүлдің «Босқын» статусын алу үшін жасалатын бірінші қадам болып табылатын – «Пана іздеуші тұлға» деген №35 куәлік алып, мәртебесі өзгергеніне біраз сенбей де аңырап отырдық. «Пана іздеуші тұлға» куәлігі – Қазақстан Республикасынан шығармауға, өзге мемлекетке бермеуге толық құқық береді. Аталған мәселені БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың тікелей қадағалайтындығы да рас.
Тағы бір ерекшелігі: Сайрагүлдің тағдырына әлемдегі Малайзия, Тайланд, Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Түркия елдерінің белді ақпарат құралдары назар аударып, «capitalfm.co.ke» (Кения), «hongkongfp.com» (Гонконг), «Бундастаг баспасөзі», «theguardian.com», «Франц пресс», «Еуроодақ баспасөзі», «washingtonpost.com», «Associated Press» және т.б. арнайы мақалалар жариялады.
Қазақ Елінде Сайрагүлге қолдау көрсетуде қазақтілді ақпарат көздері айрықша жанашырлық танытып, әсіресе, “qazaquni.kz” мен “abai.kz” ондаған араша дүниелерімен ұлтымыздың намысын қайрады.
Қытай жеріндегі қандастарымыз да нақты қауіп-қатерге қарамай, БАҚ-та 65 мақала жариялады.
Қоғам белсенділері Нұргелді Әбдіғаниұлының, Сәуле Әбділдаханқызының, Cерікжан Біләштің, Қыдырәлі Оразұлының ерен еңбектері бір төбе болса, Сайрагүл Сауытбайдың қорғаушысы Абзал Құспан-ның кәсіби һәм азаматтық өнегесі көпшілік үлгі тұтарлық әрекет еді.
«Шекараны заңсыз бұзып өтті» – деп тұтқындалған Сайрагүл Сауытбай: «Мен өзіме тағылған айыптарды мойындаймын. Жазадан қашпаймын. Менің сіздерден жалынып сұрайтыным – мені Қытайға бермеңіздерші. Менің мұнда отбасым бар. Балаларым да осында. Мен бірінші кезекте – анамын», – деп ағынан жарылды.
Қазақ қоғамын дүр сілкіндіртетін дәргейлі дауысын естіртті…
Мұрат Алмасбек Facebook-тегі парақшасында: «Мұны – «сот» дегеннен гөрі – Қытайға көз қылып өткізген қойылым деуге де болады» – деп, жігерленіп кетті…
Асхат Қасенғалидың Facebook-тегі парақшасынан: «Бүгінгі Сот – «Шеттегі қазаққа «Отанға орал, қорғайтын халқың, қолдайтын елің бар» – дегенді дәлелдеді. Халықтың жиналса күш, біріксе алмайтын қамалы жоғын, бір жеңнен қол шығарғанда, жеңіс боларын дәлелдеді…» – дегенді оқыдық.
Өзінің Facebook-тегі парақшасында философ Қуандық Шамахай ағамыз арыдан қозғап: «Мұндай ерлік – кез-келген азаматтың қолынан келе бермейді. Сайрагүл арқылы әлемдік өркениет тәуелсіз Қазақстан Республикасын «адам құқығын қорғайтын, ашық жариялы, өз халқының талаптарымен, қоғамдық пікірмен санасатын демократиялық ел» деп таныды. Сайрагүл Сауытбай – Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына әбден лайық» – деп, қарақұстан тура тартыпты…
Қайран, қазағым-ай, біреуді жамандасақ – жер қаптырамыз, мақтасақ – көкке лақтырамыз. Осы екі шексіздіктің алтын діңгегін – дәл ортасын тауып, әрбір қазақтың тағдыры – барлық қазақтың тағдыры екендігін қашан түсінер екенбіз?!.
Үмітімізді үзбейміз!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.