Маңызды

«Депутат – билік пен халықтың арасына алтын көпір орнатуы тиіс»

Жаңабай Ағабеков Оңтүстік өлкесінде жомарттығымен танылған азамат. Осы қасиеті үшін де облыстық мәслихат депутаттарының арасында шоқтығы биік. Елін, ұлтын сүйетін азамат болса, Жаңабайдай болсын. Бұл әсіремақтау емес. Шындығы осы. «Депутат болса, Жаңабайдай болсын». Бұл – сайлаушыларының ол кісіге берген шынайы бағасы.

—Жаңабай Молдабайұлы, облыстық мәслихатқа депутат болғаныңызға да біраз жылдың көлемі болды. Бүгінгі таңда халық пен депутаттың жақындығы қандай? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ…
—Халық өзінің мұң-мұқтажын жергілікті билікке – облыс, аудан әкімдеріне жеткізу үшін бірінші кезекте бізге хабарласып жатады. Олардың шешімін таппай жатқан үлкен проблемалары болса, шешуге атсалысамыз. Түйткілді мәселелердің шешімін табуын бақылауға алатын құзіретіміз бар. Депутат – халық пен биліктің ортасындағы көпір.
Әкімге жақынсыз ба, халыққа жақынсыз ба?
Мен жеке басымның мүддесі үшін, «мына істі менің ыңғайыма шешіп беріңіз» деп ешқандай әкімнің алдына барған емеспін. Шын. Өзімнің азамат ретінде ұстанатын өмірлік ұстанымым, алдағы жоспарларыма бағыт беретін сайлаушылар алдында берген уәделерім мен депутаттық бағдарламам бар. Сол бойынша мәселелермен әкімге кіруім мүмкін. Мысалы, былтырдан бастап «Оңтүстіктен Солтүстікке» деген бағдарлама бойынша жерлестерімді солтүстікке орнығуына атсалысып, жүрмін. Солтүстікке бұл жақта жұмысы бар, күнкөрісі бар бақуат отбасы көшпейді. Көшуге ниет білдіргендер жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Солар солтүстікке көшкенде қолдаусыз, аяқтан тұра алмай біржола тұралап қалмаса екен деген ниетпен қолымнан келген қолдауымды олардан еш аяған емеспін. Иә, алдында көшуге ниет білдіргендер табыла қояр ма екен деген қорқыныш та болғанын жасырмаймын. Бірақ, көш жүрді. Алғашқы лекпен 70 отбасы солтүстікке бет түзеді. Демек, маған сенгені ғой. Ал, мен олардың сеніміне қалай селкеу түсірмекпін?! Осы орайда, мен өз қаржымнан 50 жанұяға тұрғылықты баспана сатып алып бердім. Сол үйді қазір кепілдікке қойып, банктен несие алып, мал алып, жеке кәсібін өркендетіп жатқандар да бар. Енді біреулері сауда дүңгіршектерін, сауда үйлерін алып, жұмысын жүргізе бастады. Солай, көшіп барған отбасылар өз әл-қадарынша, қабілетінше аяқтан тұрып кетулеріне әрекетін жасауда. «Әрекет етсең, берекет беремін» деген емес пе? Көшіп барғандар да «қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» жақсы түсінген.
Көш биыл да жалғасын таба ма?
—Биыл жыл бастала салысымен облыстағы 12 ауданды аралап шықтым. Тұрғындармен жиналыс өткіздік. Қазір менің қолымда 350-ге жуық солтүстікке қоныс аударуға ниет білдіргендердің аты-жөні, байланыс телефоны жазылған тізімі бар. Енді жақын арада солардың арасынан 40-50 делегатты сайлап, солтүстіктегі аудандарды аралап қайтамыз деп отырмыз. Өздеріне ұнаған аудандарына қоныстануына атсалысамыз. Айта кетейін, алдын ала барлап қайту кезіндегі де, көшу шығындарын да өз қаражатымнан төлеймін.
Осы орайда солтүстік облыс әкімдерімен арада қандай да бір келісім-шарттар бар ма?
—Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің «Оңтүстіктен Солтүстікке» атты бағдарлама бойынша өзара жасасқан келісім-шарт Меморандумы бар. Бұл көш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отыр. Бұл бағдарламаны облыстық мәслихаттың барлық депутаттары талқылап, бір ауыздан қолдадық. Тек ауызша ғана ұрандатып, жалаң қолдау ойымызда жоқ. Сондықтан да ісімізбен дәлелдейік деп, әрқайсымыз көмек қолымызды созып жатқан жайымыз бар. Көші-қонның бар жауапкершілігі жергілікті Жұмыспен қамту орталықтарына жүктелген. Біз қазір осы орталықтармен ұйымдаса жұмыс жасап жатырмыз. Біз, депутаттар – демеушіміз. Сол жаққа көшіп баруына, ұжым ашып беруге, аяқтан тұрып кетуіне көмек береміз.
Былтыр осы бастаманы өзіңіз көтерген болатынсыз. Биыл да жалғыз өзіңіз бе? Әлде қолдайтын депутаттар, кәсіпкерлер бар ма?
—Өткен жылы 7 депутатымыз көш түзеген бауырларға өз көмек қолдарын созса, биыл мені он бестей депутат қолдап отыр. Былтыр қоныс аударған жерлестерімізден қолдауды аяған емеспіз. Барлық отбасыға жеткілікті мөлшерде отын-суын, көмірін жеткізіп бердік. Азық-түлікпен де қамтамасыз еттік. Аяқтарынан тұрып кетулеріне осылайша өз жәрдемімізді көрсетіп жатырмыз. Ол жақта алатын 50-60 мың айлықты бұл жақта да табады. Сондықтан көшіп барған отбасыларды демеп жібермесек, көшуге ниет білдіргендердің қарасы әлдеқайда аз болар еді. Мен үнемі айтып жүремін. Халықты топтап көшіру керек. Топтап көшірген жағдайда ғана халық сол жерге түпкілікті орнығып, жайғасады. Мысалы, бір ауылға 50 отбасыны жайғастырсақ, сол 50 отбасыдан жобамен 150-200 бала шығатыны рас қой. Сол 200 балаға қазақ мектебі ашылатыны тағы анық. Ал, ол балаларды оқытатын мұғалімнің керек екендігі белгілі нәрсе. Қажетті мұғалімдердің барлығын әлгі 50 отбасыдан шығаруға болады. Одан бөлек сол мектептің шаруашылық қызметкерлері, от жағушыларына дейін өз ұжымдарынан табылатыны рас қой. Осылай өз алдарына берік ұжым болып қалыптасады. Қараңыз, биыл 50 отбасыны бір ауданға орналастырсақ, қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, келесі жылы әлгі 50 отбасы тағы 20 отбасыны, өз туыстарын, таныстарын шақырады. Солай іргелі бір елге айналады деп жоспарлап отырмын. 50 отбасыны әр ауылға шашыратып, қоныстандырғаннан көрі, бір ауылға 50 немесе 25 жанұяға лайықтап автономды жылытылатын жатақхана салсақ, шығыны да анағұрлым азаяр еді. Түп қазығы Оңтүстікке қыдырып келетін болса да, үйімді кімге тастаймын деп уайымдамас еді. Алдағы уақытта жатақхана салып, өз ойымның дұрыс екендігін дәлелдеуді жоспарлап отырмын.
Сіздің бастамаңызбен Сарыағаштан солтүстікке қоныс аударған отбасылармен байланысып тұрасыз ба?
– Әрине, онсыз болмайды. Мен оларды көшіріп апарып тастап, хабарласпай қойсам, халықтың маған деген сеніміне селкеу түспей ме? Осы мақсатта мен ол жаққа Нұржан деген көмекшімді жібергенмін. Ол Арқаға қоныс аударған әр отбасының жағдайын қадағалап, мұң-мұқтажын маған жеткізіп отырады. Бизнеспен айналысамын дегендерге кеңестерін беріп, қажет болған жағдайда көмектесіп, демеп жіберу міндетіміз. Менталитет басқа, табиғаты басқа дегендей, бұл жақтан барғандардың жаңа ортаға бейімделіп кетуі оңай емес. Осы үшін де мен өз көмекшімді соларға бас-көз боласың деп әдейі жібердім.
Сарыағаштан сайланған депутат ретінде, сайлаушыларыңызға берген уәде үдесінен қаншалықты шығып келесіз? Депутат болғалы олардың қандай мәселесін оңтайлы шештім деп айтар едіңіз?
– Мен бірінші кезекте табиғи газ мәселесін үнемі көтеріп келемін. Газ құбыры ауыл жанынан өтсе де, қанша жылдан бері табиғи газ тартылмай жатқан ауылдар бар. Менің көтерген проблемамның арқасында қазір қаржы бөлініп, 50-ден астам елдімекен табиғи газбен қамтылмақ.
Сарыағаш үлкен аудан болғандықтан күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер көп. Ауызсу мәселесі де көп елдімекендерде шешімін таппаған. Егінге қажетті су жеткізу үшін қаржының жеткіліксіздігі салдарынан тазаланбай қалатын каналдар да көп. Ол проблемалардың бәрін кезең-кезеңімен шешеміз деп алға қойған жоспарымыз бар.
Сайланған округіңіз Сарыағаш ауданы болғанымен, тұрғылықты мекеніңіз Шымкент қаласы. Екі арадағы қашықтық қиындық тудырмай ма?
– Еш қиындығы жоқ. Жергілікті жерде тұрғанмен де сіз күн сайын жергілікті тұрғындармен кездесе бермейсіз ғой. Солай емес пе? Оған мүмкіндік те бола бермейді. Бір күнді алдын ала белгілеп, елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесуде олардың мұң-мұқтаждарымен танысамын. Одан бөлек арнайы сайлаушылармен кездесу үшін бөлінген арнайы қабылдау күні белгіленген. Депутаттық негізінен алғанда қоғамдық жұмыс қой. Негізгі жұмысымыз бөлек. Сондықтан сайлаушылармен кездесіп, тыныс-тіршілігімен танысу үшін айына бір, жұмыс қауырт болып кеткенде үш айда бір кездесіп тұруды жөн көремін.
Бұл жетістікке қалай жеттіңіз? Өз өмір жолыңызбен таныстыра кетсеңіз…
Менің туған жерім – Қазығұрт ауданындағы жиырма шақты ғана түтіні бар Қызылбұлақ деген шағын ғана ауыл. Кейінірек, сегізінші сыныптан бастап, Сарыағаш ауданындағы Бесқұбыр елдімекенінде оқыдым. Сол ауылдағы С.Сейфуллин атындағы мектепті тәмамдадым.
Өзімнің өніп-өскен жеріме шарапатымды тигізейін деп, осы Сарыағаш ауданынан депутаттыққа түстім. Содан бері өскен еліме өз қызметімді аянып қалған емеспін. Жол да салдым. Шаңы шығып жатқан жолдарға тас төсетіп бердім. Каналдарын да қайта тазартып, қаздырып бердім. Кей елді-мекендерге мектеп салынуына мұрындық болдым. Мен елге жасаған кішкентай ғана жақсылығымды өзімнің перзенттік парызым деп білемін.
Облыстық мәслихатта аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөніндегі комиссияның тұрақты мүшесі болып табылады. Оңтүстіктің табиғатының түйткілді мәселелері өзіңізге жақсы мәлім болар? Ендеше, осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз…
– Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы жақында ғана облыстан шыққан белгілі тұлғаларды жинап, жиын жасады. Сол жиында облыс әкімі: «Сіздер өздеріңіз туып өскен елді-мекендерді гүлдендіруге атсалыссаңыздар жақсы болар еді» дегендей ой қозғады. Мен бұл ойды толықтай қолдаймын. Өзім елге барып, ауылдың тазалығына, көше бойындағы үйлердің аулаларының, қоршауларының эстетикалық рең беруіне атсалыссам деп отырмын. Өзімнің аулымды өзге ауылдарға үлгі болатындай жақсы бір мекен жасағым келіп жүр.
Қазығұртты ма, Сарыағашты ма?
– Екеуін де. Себебі, мен екі енені арда емген құлындаймын десем артық айтқаным емес. Туған жерімді түлетіп, өскен жерімді ұмыт қалдырсам, онда менің азаматтығым қайсы? Туған, өскен жерлерімдегі көшелерді жайқалтып түлетсем деген жоспарым бар.
Табиғаттағы түйткілді мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
– Осы орайда, карьерлердегі мәселелерді айтқым келеді. Мысалы, өзендерден құрылысқа қажетті тас аламыз деп, өзен ернеуін экскаватормен қазып, ауыр жүк көліктері арлы-берлі жүйткіп жүр. Біз өзендерімізді қорғауымыз керек. Өзендердегі сулар азайып, ернеуінен түсіп кетіп, тіпті арнасын өзгертіп жатқан да өзендер бар. Мұндай заңсыздықты тоқтату керек. Су – өмір нәрі емес пе? Адам тамақсыз бір ай өмір сүруі мүмкін. Ал, сусыз бір күн де өмір сүре алмайды. Шынын айту керек, мойындауымыз да қажет, бізде табиғатты пайдалану мәдениеті қалыптаспаған. Мысалы, сол өзеннің бас жағындағы адамдар өзенге қоқыс тастауы мүмкін. Ал, аяқ жағына адамдар шомылады. Ал, сол шомылып жатқандар қоқыс тастағандардың не нағашысы, не бөлесі, не құдасы болып шығады. Сондықтан табиғатты қорғауды әркім өзінен бастағаны дұрыс шығар?
Жуырда 26-бапқа енгізілетін өзгертулер үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Бұрынғы нұсқасында қалдыруды талап етіп жатты. Бұл орайда жастардың өз ойларын еркін білдіруі де үлкен роль ойнағаны шындық. Елбасымыз бұрынғы нұсқасында қалдыратынын мәлімдеді. «Әркім» сөзіне қарсылардың қатарында сіз де болдыңыз.
– Былтыр жер мәселесі ушығып тұрғанда, жердің шетелдіктерге жалға берілуіне, қазақстандықтарға сатылуына Елбасымыз бір жыл мораторий жариялады ғой. Кейінірек 5 жылға созды. Сол кезде, «игерілмей жатқан жерлерді өзіміз игерейік. Біз игермесек, кім игереді?» – деп Үндеу тастап, солтүстікке көшіруге үгіттеуімнің мақсаты да осы жер үшін, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін емес пе еді? Ал, егер «әркім» келіп жерімізді иеленетін болса, ол еңбегіміздің еш кеткені ғой.
Кітапты көп оқисыз ба? Кітап оқуға уақытың бар ма?
– Оқимын. Кітап оқуға уақытым аса көп емес. Аз ғана (күлді).
Өзіңізді қалай шыңдайсыз?
– Кітап оқимын. Газеттер оқимын. Теледидардан күнделікті жаңалықтарды, оның ішінде саяси жаңалықтарды жібермеймін. Ой-өрісіңізді дамытуға септігі зор.
Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?
– Абайдың қара сөздерін оқығанды жаным сүйеді.
Менің сізге бір тәнті болатыным, қайырымдылық шараларын көп жасайсыз. Соның бәрінде дерлік ізбасарыңыз – 6-7 сынып оқитын ұлыңыз жүреді қасыңызда. Сол бір қапшық ұн немесе қант болсын, әлгі жеткіншек өз қолымен көтеріп кіргізіп беріп жүреді. Мен мұны өз ортамда насихаттай жүремін. Бұл ұлыңызға берілетін тәрбие тәсілдерінің бір түрі ме?
– Мен бұл әрекетім арқылы – ұлымды мейірімділікке, қайырымдылыққа баулығым келеді. Мен бала кезімде шалқып өстім деп айта алмаймын. Ал, қазіргі уақытта Алланың берген несібесі болар, несін жасырайын, жағдайым жаман емес. Ал, мұндай жанұяда өскен бала «бәрінің жағдайы біз секілді жақсы екен» деп ойлауы кәдік. Бала әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар екенін де біліп жүрсін. Соларға мейірімі түссін – деген оймен ертіп аламын. Кей кезде тіпті сабағынан сұрап алып, жаныма алып жүремін.
Менің байқағаным, сіз тек өз округіңіздің емес, тіпті басқа жерден болса да, мұң-мұқтажын айтып, көмектесуін өтінсе, қол қайырыңызды аяп қалмайсыз. Мысалы, Достық мөлтекауданындағы тұрмысы төмен отбасыларға көмектескеніңізді білеміз. Немесе, Қайтпастағы бір кісі сізден көмек сұраса, оған да көмектесе салуыңыз мүмкін. Мұндағы мақсатыңыз не? Әлде, келесі жолы осы округтен түсіп қаламын-ау деген «ішкі есеп» пе?
– Ондай ойым жоқ. «Достықта» әлеуметтік жағдайы тым төмен отбасылардың көптеп тұратынын білемін. Менің телефоныма оның алдында да жиі хабарласқандар болды. Көмекшілерімді жіберіп, қолымнан келгенімше қаржылай қолдау көрсеткен кездерім болды. Шын мұқтажға көмектесуді азаматтық парызым деп білемін. Мысалы, Кентау қаласында жылу қазандығы жарылғанда Әсет Қайыпбеков атты азамат екеуміз 4 миллион теңгеге жуық қаражатқа жылу радиаторларын, құбырларды жеткізіп бердік.
Иә, сіздің «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген ұстанымда екеніңізді білеміз. Алайда, жұмысымыз сол болғандықтан іздеп жүріп хабардар болып, баспасөз беттерінде жариялап жатамыз. Енді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күніне арналған ниетіңізді білсек артық болмас?
– Аналарымызды, әпке-қарындастарымызды 8-наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ана деген – елдің тірегі ғой. Неге десеңіз, барлық нәрсенің – жылудың, қамқорлықтың, мейірімділік пен махаббаттың барлығы да – Анадан тарайды, Анадан бастау алады. Аналарымыз аман болсын. Аналарымыз, қарындастарымыз тәрбиелі болса – ұлтымыз тәрбиелі болмақ.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
М.АБДАЛИЕВА.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру