ПОЛИГОН ҚҰРЫЛЫСЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысы, Арыс қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 7 полигон бар. Оның ішінде 2 полигон (Арыс, Монтайтас) санитарлық және экологиялық талаптарға сай келеді. Алдағы уақытта дәлірегі 2023-2024 жылдары Жиделі және Қожатоғай елді мекендерінде қоқыс полигондарын салу жоспарланған.

Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың қорытындысын алу күтілуде. Одан өзге Ақдала елді мекенінде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Сонымен қатар қалаға қарасты Саналы, Қаражантақ және Қызыл көпір елді мекендерінде полигон салу жоспарда бар. Бұл бағытта арнайы жер телімдерін алу жұмыстары жүруде. Тиісті құжаттарды рәсімдеу ойдағыдай жүргізілсе, полигон құрылысы 2025 жылы қарқын алатын болады.
Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәлімдеді.
Жалпы, тоғыз жолдың торабында орын тепкен қалада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету талаптарын бұзған тұрғындармен жұмыстар жүргізу үшін былтыр қала әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылды.
Одан өзге көшелерде тазалықты сақтау және көгалдандыруды өз деңгейінде ұйымдастыру үшін қала 40 секторға бөлінген. Әр сектордағы тиісті тәртіп пен талапты сақтау бюджеттік мекемелер мен бөлімдерге бекітілген. Олар өздеріне артылған жауапкершілік үдесінен шығу үшін тұрақты түрде сенбіліктер мен тексеру шараларын жүргізіп келеді.
Қаладағы әрбір округ және елді-мекендерде тазалықты сақтау мақсатында жүйелі түрде үгіт-насихат жұмыстары жүреді. Атап айтқанда, әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшасында тазалық акциялары туралы ақпараттар, сенбілік өткізу бойынша хабарландырулар тұрақты түрде жарияланады. Одан өзге жергілікті «ART TV» телеарнасы арқылы халық назарына күніне 5 реттік жиілікпен арнайы видеоролик ұсынылады.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жыл басынан бері қоқыстар бей-берекет тасталған 93 нүкте жойылып, 744 тонна қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, космостық түсірілім негізінде, Ақдала елді мекеніндегі — 4, Монтайтас елді мекеніндегі — 5, Арыс қаласы «Талдықұдық» тұрғын ауданында анықталған жабайы қоқыс алаңдары тазаланып, ретке келтірілді.
Жыл басынан бері қоқысты рұқсат етілмеген орындарға бей-берекет тастап қоршаған ортаға үлкен залал келтіргендерді анықтау, олардың бұл тәртіпсіздігін тезге келтіру үшін ҚР ӘҚБК-нің 408, 434 баптарымен 23 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар аталған кодекстің 505 бабымен 8 ескерту хаттамасы толтырылды.
Қаладағы көшелер мен парктерді және скверлердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету «Қызмет-Сервис-Арыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырылған.
Қаланы көгалдандыру үшін осы жылдың көктемінде жиыны 25500 түп тал көшеті сатып алынды. Көшеттердің барлығы алдын ала арнайы белгіленген аумақтарға егілді. Атап айтқанда, «Баламекен» тұрғын ауданына жане Онтам сым шарбак ішіне — 3500 түп, «Арыс-Байырқұм» тас жолының бойына — 7560 түп, мектептер мен балабақшалар ауласына — 4335 түп, мекемелер, ұйымдар, тұрғын үйлер, кәсіпкерлік нысандар ауласына — 6525 түп, Түркістан қаласындағы бекітілген секторларға — 2500 түп, «Арыс-Шардара» тас жолының бойына — 1080 түп отырғызылды. Егілген талдарды суғарудың арнайы кестесі жасалған. Соған сәйкес талдар тіршілік нәрімен дер кезінде қамтамасыз етіледі.