СУДЫ ҮНЕМДІ ПАЙДАЛАНУДАН ҰТАРЫМЫЗ КӨП

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттарының бірі — суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру және қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған.
Бұл межені орындау үшін Түркістан облысы әкімінің бастамасымен соңғы үш жылда облыста су қоймалар салу, ағын суды молайту, көлдерді қалпына келтіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып келеді.
Мысалы, Түркістан қаласының микроклиматын жақсартып, ылғалдану деңгейін жоғарылату бағытында қалада «Ескек есу каналы», «Шаға жағажайы», «Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы» мен «Қосқорған су қоймасы» және қала ішіндегі бірқатар су жүйелері салынды. Аталған нысандар бастапқы мақсатынан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналатын болады.
Бұдан өзге өңірімізде жыл құстары ең көп мекендейтін Жетікөл (бұрынғы Шошқакөл) көлдер жүйесін жаңғырту арқылы 49 шақырым бөгет салынды. Соның есебінен аталған көлге бүгінде 370 млн. текше метр су жиналуда. Су деңгейінің көбеюінен көл аумағының микроклиматтық жағдайы айтарлықтай өзгерді. Яғни, көл айналасындағы флора мен фаунаның жақсаруына оң әсерін тигізді.