ОҚУ ЖЫЛЫН ҰЗАРТУ ҰСЫНЫСЫ КӨТЕРІЛДІ

Бірқатар сарапшылар мен падагогтар еліміздегі оқу жылын маусымның соңына дейін ұзартуды ұсынды. Аталған бастама 2022-2023 жылдарға арналған білім беру процесін талқылауға арналған дөңгелек үстелде айтылды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, қосымша оқу аптасын қосу күнделікті өтетін сабақ санын азайтуға сеп болмақ. Сондай-ақ жазғы демалыс ұзақтығын қысқарту білім алушылардың білімін жоғалту тәуекелін және мектептің аудиториялық қорына жүктемені төмендетеді.

 

«Еліміз оқу жылындағы аптасы ең аз елміз — 34 оқу аптасы бар. Дегенмен әлем бойынша каникул ең ұзақ елдердің біріміз — жылына 130 күн. Салыстырмалы түрде Израильде каникул 84 күн, Оңтүстік Кореяда — 90 күн, Жапонияда — 102 күн. Зерттеулерге сәйкес, балалар ұзақ демалғаннан кейін оқыған материалдың 25 пайызын ұмытып қалады. Сондықтан қазақстандық мектептердегі оқу жылын 38 аптаға созуды ұсындық — оқу жылын 15 тамыздан бастап 5 маусымда аяқтау. Немесе бұрынғыдай қыркүйектен бастап, 20 маусымға дейін созу» дейді Binom School басқарушы директоры Арайлым Мағзұмова.
Ал «Әділет» орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлованың пікірінше, 20-25 тамыздан бастап оқушылардың оқуға шыға бергені жөн. Өйткені бастапқы екі аптада оқушылар мектеп бағдарламасына қосыла алмай жүреді. Сондықтан оқу жылының 20-25 тамызда басталып, 5 маусымда аяқталғаны жөн. Осы тұста мұның тек ұсыныс екеніне баса назар аударған жөн. Тіпті аталған салаға жауапты министрлік өкілдері де аталған бастаманы терең зерттеу керегін алға тартады. Нақтырағы «Сарапшылар оқу жылын ұзартуды ұсынып жүргенін білеміз. Айта кетейік, мұндай ұсыныстар сарапшылардан бірнеше жылдан бері түсіп жүр. Оның ішінде, оқу жылын маусымның соңына дейін ұзарту және тамыздан бастау ұсынылды. Олар халықаралық тәжірибеге сүйеніп, түрлі дәлел келтіреді. Бірақ бұл жағдайда нақты бір азаматтардың ұсынысын емес, ғылыми мәліметтерге де сүйену керек» деді ведомство өкілдері.