Маңызды

ПРОБАЦИЯ – КӨМЕК КӨРСЕТЕТІН ҚҰРЫЛЫМ

Пробация қызметі — бұл қылмыстық-құқықтық институт. Ал оның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсету.

Пробация қызметінің құрылымы әлем елдерінде сан алуан құрылымды болып келеді. Ұлыбритания елінде пробация қызметі ІІМ-нің құрамында болса, АҚШ-та сот жүйесіне, Нидерландыда — прокуратура, ал Польша және Швеция елдерінде әділет министрлігінің құрамында.
Бүгінгі таңда Қазақстанда пенитенциарлық жүйені реформалауда пробация қызметінің өзіндік нұсқасы қалыптастырылды. Оны дамыту бағытында 2014 жылы «Пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету Ережесін бекіту туралы» 23.10.2014 жылы Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын.
Пробация қызметі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғанға, шартты түрде сотталғанға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және кәмелетке толмағандарға қатысты бақылауды жүзеге асырады. Пробациялық қадағалау соттың заңды күшіне енген үкімінің, қаулысының негізінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғанның тұрғылықты мекен-жайы бойынша сотпен жүктелген міндеттердің атқарылуын қадағалайды және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі істі болған адамдарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация сөзі қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді. Яғни сынаудың негізі — адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.
Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осыған орай, ҚАЖ қызметкерлерін пробацияның қалыптасқан сотқа дейінгі, үкімдік, ювеналдық, бұрынғы пенитенциярлық секілді бағыттарымен таныстыру, сондай-ақ өзге елдердегі пробация қызметінің тәжірибесімен алмасу және үйретуге де ерекше мән беріліп отыр. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған. Алғашында Қазақстанда шартты түрде сотталғандарға қатысты шартты үкімдік пробация қалыптастыру көзделген. Өйткені шартты түрде сотталғандар сынақ мерзімінде жүреді. Ал сынақ мерзімін беру — пробацияның негізгі белгісі. Пробация қызметкерлері шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың сот міндеттемелерінің орындалуын қатаң қадағалаумен қатар, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетеді. Оның негізгі бағыттары шартты түрде сотталғандарға білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал жасап, ауырып қалса, дәрігерлік көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Әлеуметтік-құқықтық көмек әрқайсының қажеттілігіне байланысты көрсетіледі. Пробациялық қызметке ҚР Үкіметінің «пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 23 қазандағы №1131 қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік немесе үкіметтік емес ұйымдар жәрдемдесуі керек.
Сонымен қатар еліміздегі өзекті мәселенің бірі — жұмысқа орналасар кезде сотталмағаны жөнінде жұмыс берушіге анықтама өткізу қажеттілігі. Ал түзеу мекемесінен жазасын өтеп шыққан немесе түзеу мекемесінен жазасының өтелмей қалған бөлігін сот қаулысымен жеңіл жазаға ауыстырылып шыққан, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған азаматтарымыз қоғамға қайта оралып тұрақты жұмысқа орналасу үшін осы анықтама үлкен кедергі келтіретіні рас. Осы сынды маңызды мәселелер қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып жатыр.
Пробация қызметінің негізгі бағыты — сотталғандарға білім алуда, мамандық игеруде, еңбекпен қамтуда, ем алуда сонымен қатар құқықтық көмекпен қамтамасыз етуде қолдау көрсету. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету барысында жеке бағдарламалар көшірмесі жергілікті атқару органдарына, денсаулық сақтау органдарына, білім беру және басқа да мемлекеттік органдарға, сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдарға жолданады.
Пробация қызметтерінің есебіндегі барлық кәмелеттік жасқа толмаған сотталғандар орта білім беретін мектептерде, колледждерде оқиды, сондай-ақ мектептегі спорттық үйірмелерге қатысады. Бұл ретте Ордабасы аудандық пробация қызметі бөлімі жергілікті атқару органдарымен басқа да ұйымдармен жеке дайындалған бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде ауқымды жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар сотталғандар тарапынан құқық бұзушылықты және қайта қылмыстың алдын алуда бірнеше іс-шаралар жүргізілуде. Олардың мекен-жайын және жұмыс орны бойынша тексеру, профилактикалық әңгімелесулер, жұмыспен қамту бойынша және әрбір бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғандармен жеке жұмыстар ұдайы түрде жүргізілуде.

Мади Даулетов,
Ордабасы аудандық пробация қызметі бөлім бастығының міндетін
атқарушы әділет капитаны.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру