ҚАЗАҚТЫҢ ОРТАША ЖАЛАҚЫМЕН МИЛЛИОНЕР АТАНУЫНА 245 ЖЫЛ ҚАЖЕТ

біз неге арабтар секілді шалқып өмір сүрмейміз?

Бүгінгі ғасыр – әлеуметтік желінің дамыған заманы. Мыңдаған шақырым алыста болған оқиғаны санаулы секундтан кейін-ақ онлайн тамашалауға болады. Тараған түрлі бейнежазбалар қоғамдық пікір тудырып, талас-тартысқа да себеп болып жататыны жасырын емес. Соңғы жылдары қазақ неге арабтар сияқты шалқып өмір сүрмейді деген сауал оқтын-оқтын көтерілетін болды. Жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманы Конституцияға енгізу керегін айтқан еді. Енді әлеуметтік желіде жоғарыдағы басы ашық сауал қайта көтерілді. Жаңа норма нені көздейді? Қазақтың шалқып өмір сүруі мен миллиондардың иесі атануы үшін қандай кедергілер бар? Президенттік ұсынысының астарында не жатыр? Саралап көрейік…

Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемдегі ең үздік 12 елдің қатарына кіреді. Қазіргі өндіріс қарқыны сақталса, алдағы 40-50 жылға жетеді деген жоспар да бар. Ендеше неліктен игілігін ел көре алмай келеді? Сөйтсек, мәселенің маңызы тереңде жатқан болып шықты. Белгілі экономист Мақсат Халықтың сөзінше, шетелге экспортталатын мұнайдан түсетін пайданың тек 20 пайызы ғана Қазақстанға тиесілі. Қалғанының қызығын шетелдік компаниялар көріп отыр. Мәселен, өткен жылы 68,5 млн тонна мұнай экспортталған. Одан түсетін пайда – 27,7 млрд АҚШ доллары. Егер осы қаржыны әр қазақстандыққа үлестіріп берер болсақ, 1400 доллардан тиеді. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, пайданың 80 пайызы шетелдік компаниялардың еншісінде. Демек қалған 20 пайызын алып, оны қазақстандықтарға теңдей бөліп берер болсақ, 280 доллар шамасында ғана шығады. Экономистің айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде мұнайды өндіретін жаңа технология мен қажет қондырғылар болмаған. Сондықтан Қазақстан шетелдік компаниялармен келісімге келуге мәжбүр болған. Ал енді қазіргідей жағдайда мұнай саласын мемлекетке қайтару үлкен мәселе тудырады. Атап айтқанда, инвесторлардың еліміздің экономикасына қаржы салып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз қолымызбен тосқауыл қоюымыз бек мүмкін.
Бұдан бөлек, мұнай экспорттаушы кей елдер ұлттық қордағы қаржымен-ақ қыруар пайдаға кенеліп отыр. Ал біздегі ұлттық қордағы қаржы жыл сайын азайып бара жатыр. «Мұнайлы-өркениетті елдермен салыстырсақ, Норвегияны айтып жатамыз. Осы мемлекетте жақсы үрдіс қалыптасқан. Халқының жағдайы өте тамаша, жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 70 мың долларға жетеді. Ол деген керемет көрсеткіш. Өте бай мемлекет болып саналады. Халқының саны 6 млн-ға да жетпейді. Ұлттық қорындағы қаржы 1 триллион 300 миллиардқа жақындады. Біздің Ұлттық қор солардың мысалында құрылған. Ал біздің қорда 55 миллиард доллар бар. Норвегиялықтар өздері талап қойған, жыл сайын ол қордың тек 4 пайызын қолданады. Қалған ақшаны үнемі инвестициялаймыз, ұлғайтамыз деп отыр. Жылына 10 пайыз сыйақы беріледі дегеннің өзінде, 100 миллиард доллардан астам қаржы төбелерінен сый ретінде түсіп отыр. 6 млн ғана халықпен олардың барлық саланы өзгертуге мүмкіндіктері бар. Ал біз қордағы қаржыны 200 млрд долларға жеткізсек, жылына 20 млрд доллар сый келіп тұрар еді. Ол – өте жақсы көрсеткіш. Онда білімге, денсаулық сақтау саласына көңіл бөле аламыз» дейді экономист Мақсат Халық. Демек ауқымды екі мәселе шығады. Бірі – мұнайдан түсетін табыстың дені шетелдіктердің еншісінде. Екіншісі – ұлттық қорымыздағы қаржы азайып келеді. Екеуі де бүгін-ертең шешілер мәселе емесі тағы бар. Ал қарапайым халықтың айлық жалақымен-ақ миллионер атанып, шалқып өмір сүруіне қанша жыл қажет?
Ranking.kz мәліметінше, 2021 жылдың төртінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа жалақысы 275,6 мың теңгеге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18,2 пайызға артық. Ең жоғары жалақы Атырау облысында тіркеліпті. Көлемі – 420,4 мың теңге. Ал Солтүстік Қазақстан облысы 203 мың теңгемен көштің соңында тұр. Ал Picodi.com 1 миллион АҚШ долларын жинау үшін әр елдің тұрғындарына қанша жыл жұмыс істеуі керегін есептеп, рейтингін шығарды. Онда әр елдің орташа жалақысы есепке алынған. Аталған тізімде Қазақстан 102 елдің ішінде 87-орында тұр. Көштің басынан Швейцария көрінген. Аталған елдің тұрғыны 1 миллион АҚШ долларын табу үшін 13 жыл 4 ай еңбек етуі керек. Ал аустралиялықтар 20 жыл 1 ай жұмыс істеуі тиіс. Біздегі орташа жалақымен 245 жыл 11 айда жоспарлаған 1 миллион АҚШ долларын таба аласыз. Демек бір ғана жалақымен миллионер атану мүмкіндігі жоқ. Ғайыптан тайып, әлдебір ғажайып сиқыр орын алмаса, миллион доллар табуға ғұмырыңыз жетпейді.
Осындайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманы Конституцияға енгізу бастамасы ойға оралады. Десе де мәселеге әртүрлі көзқараспен қарап, пікірді көкпарша тартып, жеке мүддеге пайдаланудың қажеті жоқ. Президент өз сөзінде «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» деп баса айтты. Бұдан Қазақстан халқының келісімі мен еркінсіз ешкімнің табиғи байлықтарына билік жүргізе алмасын айғақтайды. Ал оны халқы мен қоғамның мүддесі үшін жұмыс істейтін мемлекет жүзеге асырады. Демек кез келген көлденең көк атты табиғи ресурстарға иелік етіп, өз әмірін жүргізе алмайды. Десе де бұл мұнай мен өзге де ресурстарды сатудан түскен қаражат әр қазақстандыққа үлестіріліп беріледі немесе шотына түсіп отырады дегенді білдірмейді. Оның да өз жүйесі бар. Бірақ қандай?
Бұл сұраққа Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жауап берді. «Менің ойымша, бұл норма – әділ және дұрыс. Себебі жердің де, судың да, жердің үстіндегі де, астындағы да байлықтың иесі халық болуы керек. Сондықтан президенттің ұсынысымен осы норма енгізілді. Мысалы, кен орындарын алайық. Оларды игеретін компаниялар мен инвесторлардың төлеген салығы, ашқан жұмыс орындары арқылы бюджетке қаражат түседі. Ал бюджетке түскен ақшаның көмегімен әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Сол себепті «халыққа тиесілі» дегенді дұрыс түсіну керек» дейді ол. Конституцияға енгізілетін өзгеріс кен орындарын компаниялар мен инвесторлардан тартып алу дегенді білдірмейді. Олар заңды бұзбаса, келісімшарт негізінде жұмысын жалғастыра бермек. Ал бұзар болса, онымен тиісті органдар айналысады.
Қорыта келсек, Конституцияға енгізілетін норма түсер пайданың баршаға теңдей бөлінетінін айғақтамайды. Жалған ақпарат пен құрғақ сөзге сенудің қажеті жоқ. Елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар келісімшарт негізінде жұмысын жалғастыра береді. Ал екі тараптың бірі келісімде көзделген талаптарды орындамаса, халықаралық заң нормаларына жүгіне алады. Ал қазақтардың неліктен арабтар секілді шалқып өмір сүре алмай келе жатқанын жоғарыда жаздық. Қанша десек те, халықаралық қауымдастықтың талаптарынан айналып өте алмасымыз анық. Сондықтан жаңа норма енсе, қалтамыз қампайып, ақшаға қарық боламыз деу қате. Мұнайдан түскен табысқа жол салынып, мектеп пен ауруханалар құрылысы жүргізілуде. Қазіргідей сын сағатта ұлттық қорға қол салмаудың өзі үлкен жетістік болып тұрған сыңайлы…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.