Маңызды

ҚАҢТАРДА ЕСКІ КӨЛІКТЕРДІ ҚАБЫЛДАУ ҚАЙТА БАСТАЛАДЫ

Ағымдағы жылдың 1-желтоқсанынан бастап ескі көліктерін жоюға қабылдау уақытша тоқтатылған болатын. Тозығы жеткен темір тұлпарларды қайта қабылдау келер жылдың 5-қаңтарынан бастап қайта басталатын болады.

Осы мақсатта  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы жылы тозығы жеткен 70 мың ескі көлікті (жеңіл және жүк техникасын) қабылдауға квота бөлді. Бұл үшін  5-қаңтардан бастап көлік қабылдаудың электронды кезегі ашылып, өңірлердегі 18 бекет өз жұмысын бастайды.

2022 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланысты, жоюға кететін көлік құралы үшін берілетін өтемақы санаты мен жиынтығына байланысты 165 402 теңгеден бастап 606 474 теңгеге дейінгі аралықта болады.

Ағымдағы жылы қазақстандықтар ескі көлік тапсырудан рекордтық нәтиже көрсетіп, 50 005 көлікті жоюға тапсырған. Оның ішінде жеңіл көлік — 37 495, жолаушы көлігі -4040,  жүк көлігі -8 470. Істен шыққан машинасын жоюға тапсырғандарға барлығы 13,833 млрд теңге қаражат төленген.

Аймақтар бойынша көлік тапсырудың көш басында  Шымкент қаласы тұр. Аталған қала тұрғындары 12 068 көлік өткізген. Екінші орында 5175 тапсырған Алматы қаласы және үшінші орында 4788 техника өткізген Тараз қаласы тұр.

Жалпы істен шыққан көлік құралдарын тапсыруды ынталандыру бағдарламасы басталғаннан бері қабылдау бекеттері 214 932 көлік құралын кәдеге жаратуға қабылдады. Оның ішінде 194 163 жеңіл автокөлік, 14 590 бірлік жүк техникасы және 6 179 бірлік ауыр салмақтығы машина.

Қабылданған техниканың барлығы Қарағанды зауытына кәдеге жаратуға жіберіледі.

Қабылдау бекеттерінің мекен-жайлары және электронды кезекке тұру recycle.kz сайтында «Қалықтарды басқару», оның ішінде «Ескі көліктерді қабылдау» бөлімінде орналастырылған.

Айта кетейік, елімізде ескі көліктерді утилизациялау жобасы 2016 жылдың қарашасынан бастап қолға алынған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру