Маңызды

21 МИЛЛИАРД ЖЕЛГЕ ҰШҚАН

Елімізде жыл басынан бері 19 мың адам қаржы пирамидалары қызметінің құрбаны болған. Олар табан ет, маңдай термен тапқан жиыны 21 милиард теңге табыстарын жай ғана желге ұшырған.

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен ақша табудың қыр-сырын меңгеріп, талай адамды тақырға отырғызған қаржы пирамидаларына қатысты жыл басынан бері 330 қылмыстық іс тергелген. Қазіргі таңда қозғалған барлық істердің 53,6 пайызы немесе 177-сі сотқа жіберілген. Тергеуге алынған 62 адамның 55-і қамауға алынған.
Бұл туралы деректерді осы аптада еліміздің ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тиісті ведомства таратқан хабарламада қаржы пирамидаларының қалтасын қалыңдатқан азаматтардың басым бөлігі Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында кездескені жазылады. Сонымен қатар Шымкент пен Алматы сынды мегаполисте де ауадан ақша жасайтындарға сеніп, шығынға батқандар көп-ақ екен. Министрлік аталған өңірлерде жұртты тақырға отырғызуда «Астекс», «Тиімді депозит», «Астра Консалтинг», «Бизнес лайн», «Хоум авто инвест» және басқа ірі қаржы пирамидалары белсенді жұмыс жасағанын көрсетеді.
Өз кезегінде құқық қорғау органы қызметкерлері азаматтар қаржы пирамидасының құрбаны болмас үшін, төмендегі ескертулерді естен шығармауды сұранады. Егер сізге қаржы пирамидасының өкілі келіп, нарықтағы кірістерден едәуір көп жоғары табыс табатыныңызға кепілдік берсе, компания қызметін құпияда ұстауды сұранса, басқа азаматтарды тарту арқылы пайда мен бонустар алуға уәде берсе, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің депозиттерді немесе ақша қаражатын қабылдауға лицензиясы жоқ болса және компанияда нақты қызмет түрі болмаса бұл қаржы пирамидасының белгілері екенін атап өтеді.

«Уақыт».

Пікір жоқ

Пікір қалдыру