Жыл басы-набат шуақ Наурызым!

Наурыз айы – жан тазалығы, тән тазалығы, күй тазалығы, үй тазалығы, ауыл тазалығы, қауым тазалығы. Бақыт ағашы бәйтерек барша сахараға нұр мен сәуленің киесі, тіршіліктің иесі көктем келгенін бүршігін жара хабарлайды.

Әрбір үйдегі аталар ақ батасын іштей күбірлеп отбасынан бастап отанына деген ақ жауһар көңілмен салауат айта ақжолтай тіледі.
–Ұл-қызымның амандығын, отбасымның береке-бірлігін, ырысқа пейіл елімнің ынтымағын бер! Патшамызға сабырлық, Отаныма тыныштық, бақ тілеген байтақ жұртыма бейбіт күндеріңді нәсіп еткейсің. Аумин!-деген абыз атаның ақ тілегі қара шаңырақтан қалықтай ұшып, қабырғалы қазақ жұртына қанат қағып қалықтай жөнеледі.
Ақ кимешекті ақ әже ақ сандығын ақтарып абысынына арнаған ақ орамалын алып ауыл аяғында тұратын абысын-ажындарына асықты. Ақ дастарханға алдымен ақ нанын әкелген аппақ орамалды ақ келін ақ айранын, аппақ сүтін, құрты мен талқанын, сары майы мен ірімшігін қойып аппақ күннен аппақ көңілмен арайлы үміт, ақ сақалды атадан ақ бата алуға асықты.
Бісмілла!-деп малдас құра төбе бидей төрге озған абыз ата ақ сақалын білемдей сипап, ақ дастархан басында шаңыраққа шашырай шаншылған уықтай, ұйысқан ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне қарап шүкірлікпен көз қиығын салып, түгел сөздің түп атасындай ақ батасын беруге алақанын жаяды.
Анамыз үй ішіндегі көрпе жастықты, аулаға шығартып, күн көзіне жайдырады. Көктемгі күннің сәулесі өткір келеді. Кешке дейін күннің нұрына жайылған көрпе төсек қопсып, қомпайып, күн исі сіңіп көңілдің қошын көтере түседі.
Жыл аралап келетін «Сары кісіні» күткен әжем де «бісмілләсын» айтып қара қазанға сүрленген етін, білемделіп сақталған қазысын, сүрлене- сүрлене сарғайған құйрықтан тілімдеп салып жатып, жан-жақта жүрген бала-шағаларының амандығын Алладан тілеп күбірлей сөйлейді. Кей сәтте ақ жаймасын жайып, қырық бір құмалақты шашып: Иә, бір аяғы босағада тұр екен. Бүгін кештетіп Ұлықжан да келіп қалар дейді жүзі жадырап. Наурыз күні дүниеге келгенде ұлық айында туылдың есімі, Ұлықбай болсын деп бабасы қойған екен.
Күннің жылымығы келгенде бейне бір көктемнің келгенінен хабар берген ерекше жылылық пен мейірімнің үніндей естіледі.
Әлімсақтан әз Наурыз-жақсылықтың жаршысы, айлардың ақылшысы, мерекелердің мерейлісі, ізгілік пен рухани дүниеміздің дәрумені, кемел күндеріміздің кереметі, дән әлемінің дәреметі. тіршілік біткеннің алтын кілті саналады.
Кезінде Алты алаштың ардағы, айбынды перзенті, ұлттық мәдениетіміздің жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанұлы осы күнді армандап алаштың белді басылымы «Еңбекші қазақ» газетіне былай деп үн қатқан екен: «22-ші март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса, құртып жіберу керек деп сопышылсынып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ коммунист жолдастардан бар екен. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам. Наурыз – мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн кө¬ріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы балалап, қорасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз» («Еңбекші қазақ», 22.03.1925). Бұл тасқа басылып бүгінгі күнге жеткен тарихи сөзден артық не айта алармыз. Ең бастысы ұлтымыздың рухы биік, келешегі кемел, ғұмыры мәңгілік болсын!

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.