Маңызды

ҚОР ҚАРЖЫСЫМЕН ҚАНДАЙ ДЕРТТЕРГЕ ДАУА ІЗДЕЙ АЛАСЫЗ?

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың 23-қаңтарында зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен ем-дом үшін пайдалануға мүмкіндігі бар 700 мыңнан астам салымшыдан өтінімдер қабылдайтын портал іске қосылған болатын. Сол кезде жеткілікті шектен асқан қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаты бойынша пайдаланудың қағидасы ғана айтылып, медициналық мақсат үшін жаратудың ережесі қаңтар айының аяғында жариялайтыны хабарланған. Бірақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ел алдында берген бұл уәдесін «әдеттегідей» нақты уақытында орындаған жоқ. Тиісті министрлік зейнетақы жинағындағы жеткілікті шектен асқан соманы қандай емдерге жұмсауға болатыны туралы ережені ақпанның орталаған кезінен асқанда бір-ақ айтты.

Қор ақшасын медициналық мақсаттар үшін жарату туралы өтінімдер қабылдау 25-ақпаннан басталады. Зейнетақы қорындағы ақшаға азаматтар төмендегі медициналық қызметтерді ала алады. Олар: сирек кездесетін генетикалық дерттер санатындағы орфандық ауруларды емдеуге, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейінгі түзету мақсатында реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу, протон терапиясы, офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету).
Қор қаржысының есебінен жүргізуге болатын қымбат емнің қатарында тісті протездеу, импланттау сынды стоматологиялық қызметтер бар. Денсаулық сақтау министрлігі бекітілген ережеге қор қаржысын қымбат емдерге жұмсауға мүмкіндігі бар азаматтар емдеу мекемесін таңдау құқына ие екенін алға тартады. Бұл мақсатта наурыз айынан бастап шетелдік клиникалармен жұмыс істеу іске қосылады. Министрлік тек тісін протездеу мен имплаттау сынды емдер Қазақстан аумағында жүргізілуі тиістігін ескертеді. Бірақ мұның себебін тарқатып түсіндірмеген.
Жоғарыда көрсетілген медициналық мақсаттар үшін зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін пайдалану туралы салымшылар өтінішін ең әуелі дәрігерлер кеңесі қарайды. Олар оң қорытынды берсе ғана, бірыңғай зейнетақы қоры бес күнде салымшының ашқан арнайы шотына ақша аударады. Егер азаматтар таңдаған ем қызметіне қордағы жеткілікті шектен асқан сома жетпесе, оның дәл өзі сияқты қордағы қаражатының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндігі бар туысы немесе жақыны алуға болатын соманы пайдалану мүмкіндігі бар.
Бұған дейін зейнетақы қаржысын жасанды ұрықтандыруға жұмсау қарастырылатыны айтылған. Бірақ медициналық қызметтің бұл түрі арнайы тізімге енбей қалған. Министрлік көпшіліктен өтінім түссе, жасанды ұрықтандыруға қор қаржысын жарату мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін айтады.

М.ӘБДІРАЙЫМ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру