САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ҮШІН ТАҒЫ 14 БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯ ОРНАТЫЛАДЫ

Былтыр Шымкент аумағын сапалы интернетпен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі басталған. Соған сәйкес қаланың 11 жеріне байланыс антенналарын орнату жұмыстары қолға алынған.

Нәтижесіне қаладағы «Алтынтөбе», «Көкбұлақ», «Солтүстік-Батыс» және «Достық» (Солтүстік саяжай) тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылып, іске қосылған. Ал «Асар», «Асар-2», «Шымсити», «Шымсити-2», «Тұран» және «Ақтас-2», «Айкөл» шағын аудандарында орнатылған базалық станцияларды іске қосу үшін оларды электр энергиясына жалғау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша өткен жылдың еншісіне белгіленген жұмыстар аз күннің ішінде тиянақталатын болады.
Мегаполисті сапалы интернетпен қамтудың екінші кезеңі аясында алдағы уақытта тағы 14 жерге базалық станцияларды қою жұмыстары басталады. Соған сәйкес, 14 антенна қойылатын жер анықталған. Олардың координаттары мобильді байланыс операторларымен келісілді. Ресми мәлімет бойынша базалық станциялар орнатылатын алаңдар «Шымсити» көшесі, А2, Р32 трассасы бойында, әуежай маңында, «Солтүстік-Батыс», «Қайнар бұлақ», «Тұран», «Нұртас», «Тассай», «Қатын көпір», «Құрсай», «Самал-3», «Достық», «Бозарық» шағын аудандары болмақ.
Жергілікті билік бұл жұмыстардың нәтижесінде аталған аудандар сапалы интернет қамтылады деп мәлімдеп отыр.